Қазақстандағы колледждер студентсіз қалуы мүмкін

920
inform.kz

Алдағы 2-3 жылдың ішінде еліміздегі колледждер студентсіз қалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттарымен кездесу барысында Астана политехникалық колледжінің директоры Қасымхан Сенғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер назар аударар болсаңыздар, қазір жоғары оқу орындарына түсушілердің саны 7 пайызға артты. Әрине, бұл бір жағынан жақсы. Дегенмен, мына мәселеге назар аударғым келеді. Келесі жылдардан бастап колледжге түсетіндердің саны кеми түседі. Неліктен мұндай жайт орын алмақ? Себебі 1 қыркүйектен бастап мектептер жан басына қаржыландыруға көшті. Егер бұрындары мектеп директорлары үшке оқитын оқушыларын колледжерге жіберетін болса, енді мұндай болмайды. Оларды да қалдырады. Өйткені қаржы қомақты болады. Екіншіден, мектеп директорларын ҰБТ рейтингінен алып тастады. Олар ештеңеге жауап бермейді. Үшіншіден, гранттар саны артты. Биыл жоғары оқу орындарына бірінші курстың мол легі барды. Мәселен, Еуразия университетінде былтыр бірінші курсқа 3 мың адам қабылданса, биыл 7 мыңға жетті», — деді ол.

Оның айтуынша, мұның үстіне жергілікті әкімдер беретін гранттар бар. Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде Астана әкімдігі жоғары оқу орындарына 1 мың бөліп отыр. «Демек, қазірден-ақ 9 сынып оқушылары және олардың ата-аналары бірден жоғары білім алуға мүдделі болмақ. Яғни, бұған дейін колледж арқылы емтихансыз ЖОО-ға баруға болатын.

Ал қазір колледж түлектеріне де ЖОО-ға түсу үшін талап қойылып отыр. Бұл проблеманы зерделеп, көтеріп, шешу қажет. Өйтпеген жағдайда 2-3 жылдан кейін студентсіз қаламыз. Яғни, жұмысшы кадрлардан айырыламыз», — деді Қасымхан Сенғазиев.