ҚР Қоғамдық даму министрлігінде «Жастар және отбасы жөніндегі комитеті» құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік ішінен «Жастар және отбасы жөніндегі комитеті» жұмысын бастап жатыр. Мұндағы басты мақсат — елімізде жастар саясаты бағытында жұмысты күшейтіп, осы бағыттағы барлық министрліктердің жұмыстарын үйлестіру болып табылады. Жаңа комитеттің жұмысының бір бөлігі отбасы мәселелерін де қамтиды. Бүгінгі дөңгелек үстел — өздеріңіз байқағандай біздің бірінші бастамамыз. Сарапшыларды жинап, пікірлерін білсек дейміз», — деді Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Астанада өткен «Қазақстандық қоғамды жаңғырту процесіндегі отбасының рөлі» атты дөңгелек үстел отырысында.
Министрдің айтуынша, отбасындағы мәселе — өте жоғары деңгейге көтеріліп отыр. «Менің ойымша, отбасылық сұрақтар ең жоғары деңгейдегі құндылықтар болып есептеледі. Әрине, ең басты мәселе — ажырасу. Жас отбасылардың арасында бұл жиі кездеседі. Мен бүгін сарапшылардың алдында сол мәселені көтергім келеді. Ол мәселе неден туындайды? Жас отбасылардың үй-күйінің, дұрыс табыс көзінің болмауы ажырасудың алғышарттары. Яғни, көбінесе әлеуметтік мәселелерден туындайды», — деді Дархан Кәлетаев.
Еске сала кетсек, бүгінгі дөңгелек үстелде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстандағы отбасылар тап болатын негізгі төрт мәселенің қандай екенін айтып берген болатын.