Шымкенттік жас толқын ұлттық спорт сайыстарында бас қосып, күш сынасты. Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша «Ұрпақтар сабақтастығы мен салт-дəстүрлер құндылықтарын насихаттау» жобасын жүзеге асыру мақсатында жастар арасында «Рухани Жаңғыру арқылы ұлттық спортты дамытайық» тақырыбында ұлттық спорт сайыстары өтті.
Осылайша облыстық жастар ресурстық орталығының жас қызметкерлері тағы бір іс-шарамен замандастарын қуантты. Аталған спорттық шарада асық ату, ләңгі тебу, кір тасын көтеру, арқан тартыс жарыстары ұйымдастырылды. Оған қатысуға қызығушылық танытып, тіркелгендердің қатары қалың болды.
Асық ату жарысына қатысқан өрендердің әрқайысына 6 мүмкіндіктен берілді. Сақасымен шеңбердің ішіндегі тізіліп тұрған асықтарға дәл тигізгендері ұпай жинап, алдыңғы қатарға суырылып шықты.
Ойын басталғаннан-ақ мергендігімен көзге түскендердің бірі – Нұржан Ауғанбай. 1 — курс студенті шеңбердегі асықтарға сақасын дөп тигізіп, замандастарының қошеметіне ие болды. Спортты жанына серік еткен Нұржан үш айналымның қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинап, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал мен мықтымын дегендер арқан тартыс жарысына қатысты. Арқан тартыс басталды дегеннен орта қыза түсті. Бес-бестен болып екі жаққа тізілген қатысушылар намысқа тырысып, 10 метрдей болатын кендір арқанды өз жақтарына тартып жатты.
Қара күшке бейім түскендер орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өтіп, жеңіске жақындай берді. Нәижесінде мықты деген екі топ қалды. Екі жақтың күші бастапқыда тең түсіп, жеңімпаздарды анықтау қиындық туғызғанымен, сәл уақыттан кейін өздерін «ОДД» деп атаған құрама үздік екендіктерін білек күшімен дәлелдеді.
Жігіттердің келесі бір тобы кір тасын көтеру бойынша сынға түсті. Салмағы 16 келі шойыннан құйылған қара тасты бір-бірімен жарыса, мойыннан асыра көтерді
Қара тасты көтере алмай, терлеп-тепшігіп, ентіккендер болған жоқ. Бірінен-бірі озу үшін соңғы күші қалғанша, кірді бастан асырып көтеріп жатты. Кір тасын 35 рет көтеріп, топтан озып шыққан Азамат әділқазының «жарайсың» деген мадақтауына ие болды.
Тепсе темір үзетін жас жігіттер орталық алаңында спорттық сайыстарда күш сынап жатқан кезде, жас толқынның келесі бір тобы орталық ішінде білімдерін ортаға салды. Ол — «Рухани жаңғыру — ұлттық болмысты сақтаудан басталады» тақырыбындағы шығармашылық эссе байқауы еді.
Осылайша білімділер мен біліктілердің байқауы бірнеше сағатқа созылды. Әр ойын түрі бойынша қатысушыларға сол саланың мықтысы баға беріп, жеңімпаздарды анықтады. Эссе байқауында да оқ бойы оза шыққан үздіктер болды. . Сонымен:
Асық ату бойынша : І — Айганбау Нұржан; ІІ — Жолдас Нұрболат; ІІІ — Оразбай Нұрлан
Гір тасын көтеру : І — Әбдікерім Нұрболат; ІІ — Шидебай Әбдісаттар; ІІІ — Талап Әлібек
Арқан тартыс : ОДД командасы, ІІ — «Техас» командасы; ІІІ — ОҚМУ командасы
Ләңгі тебу: І — Шидербай Әбдісаттар; ІІ — Қалқабай Ұлас; ІІІ – Төленді Саятбек
Эссе байқауы: Бас жүлде — Алпысбаева Айдана; І — Ордабаева Меруерт; ІІ — Ташкенбай Алина; ІІІ — Ахмет Саят
Жүзден жүйрік атанғандар марапатсыз қалмады.
Ал ұйымдастырушылар аталмыш шараны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
Әлия Әділбек