Әскер қатарына жарамсыз екенін дәлелдейтін құжат рәсімдеуге уәде етіп, пара алғаны үшін Тараз әскери гарнизонының бөлім басшысы сотқа тартылуда. Жамбыл облыстық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бөлімін басқарған сотталушыға қатысты іс Шымкент әскери сотында өтіп жатыр. Оған ҚР ҚК — нің 366 бабы, 1-ші бөлігі, яғни пара алу бабымен айып тағылып отыр.
Сотталушы экс-әскери шенеунік. Әскер қатарына шақырылғандарды отбасылық және денсаулық жағдайы мен оқуына байланысты қысқа мерзімдік қызметке алынуын қадағалаған. Әскери есепке тіркелген азаматтардың жалпы жұмысын бақылау міндетінде болған. Бірақ қызметін асыра пайдаланып, әскерге жарамсыздық билетін 90 мың теңгеге сатпақшы болыпты.
Бауыржан Шарипов, Шымкент әскери прокуратурасының қызметкері: «Әскерге шақыртылған тұлғаның дене бітіміне қарап әскерге жарамсыздығы туралы билет дайындап бере алатындығын айтқан. Қызметінің 90 мың теңге тұратындығын алға тартқан».
Дегенмен әскери шенеунікке пара беру туралы келіскен азамат әрекетінің заңсыз екендігін түсініп, пиғылынан бас тартқан. Келісілген жерге келмеген. Сыйақыдан құр қалғанына ашуланған аға лейтенант уағдаласқан жігітке қоқан лоққы жасаған көрінеді.
Құрыққа ілінген сәтте экс-әскери шенеуніктің қалтасынан қорқытып алған 30 мың теңге табылған. Сөйтіп сотталушыға ҚР ҚК — нің 366 бабы, 1-ші бөлігімен айып тағылып отыр. Сот залында бұрынғы аға лейтенант кінәсін тек ішінара мойындайтынын айтты.
«Әскери билетті дайындау немесе әскери қызметке жарамсыз құжатын жасап беру менің міндетіме кірмейді. Мен оған ықпал да жасай алмаймын. Ал 30 мың теңгені қорқытып емес, алдау әрекетімен алдым», дейді сотталушының өзі.
Сотталушыны Жамбыл облыстық Қорғаныс істері басқармасының өкілдері қызметіне тиянақты, ұжымда жақсы қасиеттерімен ерекшеленген болатын деп сипаттады. Бұл жәйт төбелерінен жай түскендей әсер еткенін жасырмайды.
Бұрынғы аға лейтенант, бөлім басшысы болған экс-әскери шенеуніктің кәмелетке толмаған төрт перзенті бар. Кінәсін ішінара мойындаған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қарауы әлі де жалғасатын болатын.
Жанар Есенбекова