Күміс қоңыраудың сыңғыры әскери мектептерде де естілді. Осылайша қаламыздағы Сабыр Рахымов атындағы әскери мектеп-интернаты білім алушыларды қарсы алды.
Мұнда оқу орнының басшысы Ғазиз Төлеуішов бастаған интернат ұстаздары оқушыларды білім күнімен құттықтап, қорғаныс саласындағы еңбектеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, өткен оқу жылының үздік оқытушылар мен тәрбиеленушілерін арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Әскери мектепке келгендердің басты мақсаты — елін қорғайтын азамат атанып, Қазақстан Қарулы күштерінің айбынды офицері атану.
Ерболат Мұқан, тәлімгер: «Осы оқу орнына түсудегі мақсатым — болашақта десантшылар ұйымына кіріп, сол сала бойынша қызмет істеу және ары қарай лауазымдарға көтерілу. Мұнда темірдей тәртіп бар. Десе де тәртіп бәріне бірдей. Одан қорқудың еш қажеті жоқ. Бәрін ретімен жасау керек. Жаңа оқу жылынан үлкен табыс күтемін. Мұнда бізді ата-анамыз үлкен үміт артып түсірді. Сол себепті үміттерін ақтап, жақсы азамат болып, ЖОО-на түсіп, осы саланы жалғастыру керек».
Айта кетейік, аталған білім ошағына 9-сынып бітірген мектеп оқушылары түсе алады. Биыл интернат әскери талаптарға сай келген 220 курсантты қабылдады. Енді олар мектеп бағдарламасынан басқаша әдіс бойынша сабақ өтеді. Айталық, мұнда ағылшын және түрік тілдерін тереңдете оқыту басты назарда. Сондай-ақ, жас ұландар бастапқы әскери дайындықтан өтеді.
Айя Мүтәлі