1-қазаннан бастап салық төлемегендерге өсімпұл қосылады

512

Салықтың салмағы ауыр. Мүлік және жер салығын төлеу мерзімі таяп қалды. Яғни, 1-қазанға дейін берешегін өтемегендерге өсімпұл салынатынын ескертеді. Ал қара тізімге енген салық төлеушілер 2018 жылдың 1 — қазанына дейін берешегін өтемеген жағдайда, олардың шет елге шығуына және есепшотындағы қаражатын қолдануына шектеу қойылып, өсімпұл есептеледі.

Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер департаменті мамандары қала тұрғындарын уақытылы салық төлеу қажеттігін ескертеді.

Салық төлеу мерзімінің таяғанын ескерген халық терезелердің алдында ұзын сонар кезекте тұр. Еңбекші ауданында тұратын қауым жер және мүлік салығын төлеуге ниетті. Жазда міндетті төлемдерді өтемеген азаматтар енді уақыттарын кезекте өткізуге мәжбүр.

Сала мамандары 2017 жылдағы мүлік және жер салығын төлеу мерзімі 1 — қазанға ұзартылғанын мәлімдеуде. Еңбекші ауданында бүгінде 58 мыңнан астам мүлік нысаны, 71 мың жер учаскесі тіркелген. Аудан мүлік салығынан жоспарды 105 пайызға, жер салығын 118 пайызға орындапты. Сөйтіп қазынаға 82 млн. теңгені мүлік салығы есібінен түсірген.

Сәбит Темірәлиев, Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Салық төлеу мерзімінің аяқталуына аз ғана уақыт қалуына байланысты үзіліссіз қабылдаудамыз. Ертең сенбі күні де жұмыс істейміз».

Мамандар салығын дер кезінде төлегісі келетіндер үшін үзіліссіз жұмыс істеуде. Сенбі күні таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс жасайды. Тағы айта кететін жәйт, жалғыз басты қарттар мен бірінші топтағы мүгедектерге жеңілдіктер қарастырылған.

Мүлік және жер салығына қатысты сұрақтарыңыз болса мемлекеттік кірістер министрлігі сайтына не болмаса 36-71-09 телефона арқылы Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарына хабарласуларыңызға болады. Әзірден, пысықтап алмасаңыз, ертең 1-қазаннан кейін өсімпұл қоса жүреді.

Шынар Оразова