1-ші сыныпқа 300 оқушы қабылданды

787

Шымкент мектептерінде сағыныш пен шаттыққа толы алғашқы қоңырау соғылды. Білім ұжымдары бұл кешті бар сән-салтанатымен өткізді. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бірінші сынып оқушылары үшін ерекше мейрам ұйымдастырылды.

Білім күнінде шаһар басшысы «Бозарық» шағынауданындағы жаңадан ашылған №57 жалпы орта мектептің «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысты. Барша ұстаздар мен шәкірттерді жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі:
«Бүгінгі мектептің ашылу салтанаты Білім күні қарсаңына тура келіп отыр. Жаңа мектеп жаңаша жұмыс жасайды, нағыз білімнің ордасы болады деген ойдамыз. Орта білім беру деңгейінде жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6 жəне 8 сынып оқушылары мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастайды, 5 және 7-сыныптарда «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізіліп отыр».

Заман талабына сай жабдықталып, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасайтын 900 орынды типтік мектеп 3 қабаттан тұрады. Екі ауысымда оқытатын мектепте 40 оқу бөлмесі, жаңа үлгідегі 2 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 4 информатика кабинеті бар. Сондай-ақ, 2 шеберхана бөлмесі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын медпункт те жұмыс істейді.


Ал шаһардағы №24-мектеп-лицейдегі салтанатты кеш өрендердің дарынды қаламгер Саттар Ерубаевтың рухына тағзым етуінен басталды. Әуезді әндер шырқалып, мың бұралған бишілер де білім күні орай өткен шараның шырайын келтірді. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер де өнерден кенде емес екен.

Білікті педагогтардан құралған, заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепте оқушы саны жыл санап артып келеді. Бұл ұжым былтырғы оқу жылын ойдағыдай аяқтапты. Түлектердің жартысынан астамы жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттарды ұтып алып, мектептің мерейін үстем еткен. Биыл алтын ұяның 1-сыныбына 300 — ден аса оқушы келіп отыр.

Ұлжалғас Есім, С. Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейінің директоры: «Биылғы  1- сынып оқушылары жаңартылған білім жүйесімен оқитын болады. Ұстаздар барлық оқу курстарынан өтті. Қала бойынша үш тілді білім беру бойынша пилоттық жобаға 30 мектептің қатарына енгенбіз. Мектеп ағымдағы жөндеуден өтті».

Жаңа оқу жылын көңілді нотамен бастаған ұжым өз үздіктерін марапаттап, жетістіктерін де паш етті. Ақ әжелер лента қиып, бүлдіршіндерге ақ батасын берді. Көптен күткен алғашқы қоңырау да соғылды.

Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы 133 мектеп 178 297 оқушыны қабылдаса, оның ішінде 22 мың бала 1 сыныпқа барады.

Мақпал Рысбаева