Ақжол ауылы

Ай бұрын «Қауын Fest» фестиваліне қатысып, өнімге қарық болдық деген ағайынның қазіргі жағдайы – мүшкіл. Келес ауданындағы Ақжол ауылының тұрғындары шындығында егін суырмақ түгелі, ауызсуға зәруміз деп күйініп отыр. Тұтынуға тіпті арық-атыздарда да тіршілік нәрі қалмаған. Амалы таусылған ағайын арнамызға хабарласып, ашына арызын айтты. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін ауданға арнайы барып, түйткілмен танысып қайтқан  едік.

Бұл су қақпасы (суретте) – Келес ауданы, «Ақжол» ауылындағы тіршілік нәрін тартатын жалғыз жол. Бір емес, 5000 тұрғыны бар елді мекен осы арна-атыздан келіп су ішіп, тұтынады. Трактормен тасымалдайды, Бірақ бүгін оның өзі жоқ. Арнадағы су таусылып, трактор бір бөшке түгелі, ұрттам суды тарта алмай, кері қайтты. Бұл – ауылдағы егін алқаптарын қоспағанда, мал-жан да ауызсусыз қалды деген сөз.

Әбдіжаппар Әлиев, Ақжол ауылының тұрғыны: «Ауылда су жоқ. Арық-атыз, бәрі де қурап жатыр. Тоқтап қалған судың өзін сатып жатырмыз. Бір бөшкесі – 1000 теңгеден. Бүкіл ауыл осылай тапсырыс беріп, сол суды өздері ішеді, малдарына береді. Егістерін де суғарады. Бүгін өздеріңіз де куәсіздер, су жоқ! Енді уайым басты!»

Су мәселесі Ақжолдағы ағайынды мезі еткен. Дәлірегі, бұл ауызсу мен ағынсу проблемасы Кеңес одағы кезінен басталғанымен, 2010 жылы шешімін тапқан-ды. Бірақ, жылдар жылжыған сайын тіршілік нәрінің ауылға жетуі – қайтадан мұңға айнала бастапты. Ал тұрғындардың табыс көзі – негізінен ауыл шаруашылығы болғандықтан, қазір мұндағы ағайын абдырап қалған. Тіпті шығынға да шаш етектен батып жатыр екен.

Болатбек Байсаринов, Ақжол ауылының тұрғыны:»Ауылда басқа жұмыс жоқ болғасын, халық осы егінмен айналысып келеді. Қазір барлығы қымбат! 1 гектар жерге егін егіп, өнім алу үшін – 1 миллионнан аса қаражат жұмсалады. Биыл көбісі несие алып, осы жұмысты жасауда. 1 айдан бері су жоқ, ең керек кезінде тіршілік нәрі берілмей жатыр. Өзбекстаннан су келмей қойды немесе анау-мынау деп сылтау айтуда. Әйтеуір, сусыз қалдық. Нақты не үшін судың жетпей жатқанын білмейміз».

Әбілқасым Ақбаев

Әбілқасым Ақбаев, Ақжол ауылының тұрғыны: «567 гектар жердің барлығы да егіс алқабы болған. Ал қазір 220 гектар жер ғана суғарылады. Қалғандары – қурап жатыр, су жоқ, жетпейді! Кезінде егіс те, бау-бақша да осында еді. Енді бау да, алма мен жүзім де, ештеңе жоқ». 

Ал Келес аудандық әкімдігі мәселеден хабардар. Мамандар ауызсу мәселесі қазір емес, араға жыл салып шешілетінін тілге тиек етті. Яғни, бұл үшін арнайы мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, «ҚазНұр» ЖШС-і 10 миллион 160 мың теңгені жеңіп алған-ды.

Әділхан Кенегесов, Келес аудандық ТҮКШ және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы: «1 жылдың ішінде осы жобаға құжаттар әзірлеу, жер қыртысын анықтау секілді жұмыстар жүргізіледі. Осы мәселе шешілгеннен кейін ғана мемлекет тарапынан нақты қаржы беріліп, жұмыс аяқталады. Ал оған дейін, қазіргі уақытта біз су тасушы көліктерді қарастырып жатыр. Егер, мәселе шешілсе, келесі айда ғана сол көліктермен ауызсу жеткізіп бермекпіз».

Өкінішті-ақ. Ал ағынсу проблемасының соншалықты ушығуын жергілікті әкімдіктің өзі дұрыстап түсіндіре алмады. Себебі, Өзбекстан мен Қазақстан – қос мемлекет арасындағы су тасымалдаушы – «Сырдария» бейтарап мекемесі тіршілік нәрінің тартылуы жөнінде әзірге жүгенді жауап қатпаған.

Ергеш Әбішов, Келес аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: «Шілденің 12-жұлдызында бізге «Қазсушар» РМК -ден ресми хат келді. Онда тамыз айынан бастап, Өзбекстаннан келетін су көлемі екі есеге азаяды делінген. Бірақ біз оған келіспейтінімізді айтып, ауданда 50 мың гектар суармалы жер бар екенін, сусыз егін алқаптары шығынға ұшырайтынын екшеп, аудан әкімі орынбасарының атынан арнайы сұраныс хатты жолдадық. Бірақ, әлі күнге жауап келмеді. Амалсыз өзіміздегі азғантай ғана суды өзара бөлісіп, 5 күн – осы ауылдағы, 10 күн – келесі елді мекендегі шаруаларға деп үлестірудеміз. Әрине, Өзбекстандағы су арнасы мен Келестегі мәселенің туындау себебін біз білмейміз, мемлекетаралық болғандықтан, жоғары жақ шешеді».

Келес ауданы, «Ақжол» ауылындағы ауызсу мен ағынды судың мәселесі толығымен қашан шешілетіні – уақыттың еншісінде. Бірақ оған дейін, қауынның отанында отырған қарашаның халі қандай болатыны, бұдан бөлек мал мен жанның ұрттам сусыз қалай күнелтетіні белгісіз.

Мөлдір Бекеева