Балабақша тәрбиешілері мезі еткен меңгерушісінің «былығын» баяндады

724

«Нұр Отанда» қоғамдық қабылдауда болған «Айсауле» балабақшасының қызметкерлері әзірге өзгеріс сезінбегендерін жеткізді. Мемлекеттік балабақшаны жеке өзініңкіндей көретін меңгерушінің қысымынан әбден шаршағандарын да ашына айтып отыр.

ҚР Еңбек кодексі өз еркі бойынша жүзеге асатын көрінеді мұнда. «Көлеңкелі» қызметкерлері де бар сияқты. Жауаптылар облыс төңірегінде бұл мәселе сөз етілгеннен кейін ғана, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуге көшіпті.

Төлеби ауданы, Аққұм ауылындағы балабақша бойынша, мәселеге әлі күнге нүкте қойылмаған. Біз проблемасы қордаланған балабақшаға арнайы барып қайттық. Мұндағы тәрбиешілер меңгерушінің қоқан-лоққы көрсеткендігін доғармай отырғандығын жеткізді. «Жұмыстан босатамын» деген сөзі де жиі айтылады екен. Тіпті балаларға ас үшін жиналатын қаржының тиесілі мақсатта жұмсалмай жатқандығын да тәрбиешілер жасырмай, жайып салды.

Гүлжазира Балқыбекова, тәрбиеші: «Балаларға «оплата» береді ғой. Мысалы, ол кісі келіп,  соны жинап алып кетеді де, аз ғана азық-түлік әкеледі. «Осыны жеткізесіндер», — дейді! Амал жоқ соны жеткіземіз. «Порцияны» аздау етіп, балаларға ұсынамыз. Ол көп отырмайды жұмыста. Көп болса, 1 сағат отырады да, қайтадан қайтып кетеді».

Штат бойынша, жұмыс орындарына «көлеңкелі» адамдар қабылданғаны айтылды. «Айлық жалақыны жұмысқа тартылмай-ақ алатын қызметкерлердің міндеті — біздің мойнымызда», — дейді балабақша тәрбиешілері.

Сәуле Бейсенова (сол жақта)

Сәуле Бейсенова, тәрбиеші: «Қоқан-лоққы көрсетеді. «Кешке неге келмейсің», — деп түсініктеме жаздыртады. Сосын, «без содержанияға» шығамыз көбіне. Тәрбиеші болсақ та, даладағы шөпті жұламыз, сыпырамыз. Негізі мұндай аула жұмыстарына арнайы маман болуы керек қой, бұған қайын атасы дейді, бірақ біз оларды көрмейміз. Құжат бойынша бұл шаруалар сол атасына тиесілі деп естігенбіз, бірақ ол кісіні көрмейміз».

Балабақша біраз жыл бұрын ауыл тұрғындарының бүлдіршіндеріне арнап тұрғызылып, қолдануға берілген. Осыған дейінгі әкім бұл проблеманың бәрінен хабардар сияқты. Өйткені, балабақша қызметкерлері шағымданып барған да екен. Шешімін таппаған соң, жаңа әкімге қабылдауға бармай, облысқа бір-ақ хабарлаған. Ал «қабылдау күні» Шымкентке келген тәрбиешілер тұрғылықты жерлеріндегі әкімдерінен сұранбағаны үшін, түсініктеме беріпті.

Берік Рахимов

Берік Рахимов, Аққұм ауылының әкімі:»Олар менен бірауыз сұранбай кетіп қалған. Бармасын деп айтпаймын, бара берсін. Бірақ, жұмыс уақтысында кетіп қалғандары жарамады».

Бүгінде балабақша меңгерушісі денсаулығына байланысты, жұмыс орнында жоқ. Ауыл әкімінің сөзінше, қазір тиісті мекемелер бұл балабақша бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Қорытындыдан кейін, меңгерушінің әркетінде заң бұзушылықтар болған-болмағандығы анық болады.