Бірегей кәсіпорын

385

Бүгін «Шымкентцемент» зауытында ашық есік күні өтті. Бұл -кәсіпорынның 60 жылдығына орайластырылған шара болатын. Оған зауыт инвесторлары мен өндіріс басшылығы, сондай-ақ, ардагерлер мен қазір осында еңбек етіп жүрген мамандар қатысты.

2016 жылдан бастап, немістің «Хайдельберг групп» компаниясының қолдауымен жұмыс істейтін зауытта соңғы бір жарым жыл ішінде өндірісте жарақаттану немесе зардап шегу деректері тіркелмеген. Ал ең бастысы, өнімге деген сұраныс жоғары.

Өндіріс орнының аумағында күндегіден өзгерек қарбалас. Зауыт ардагерлері мен кәсіпорынның сапалы өнімін тұтынушылар салтанатты жиын өтетін орынға жайғасып жатыр. Бұл сәтті барлығы да асыға күткендей. Жаңғыртуды бастан өткерген ұжым мен өндірістің алғашқы күнінен бастап осында еңбек еткен азаматтар емен-жарқын шүйіркелесіп, бір-бірін құттықтап жатты. Анатолий Лешов зауытта ол ашылған алғашқы кезден бастап жұмыс істеген. Зейнеткерлікке шыққан соң да осында еңбек еткен қария мұндағы әр өзгеріс, әр жаңалықты жүрегімен қабылдайды.

Анатолий Лешов: «Бұл зауыт жаныма ең жақын, жылы орын. Себебі, алғашқы күнінен бастап, осы күндерге дейін ғұмырымның көп бөлігі осында өтті. Өкінбеймін. Онымен мақтанамын. Комсомолдың жолдамасымен келіп, слесарь болып бастап, бас механикке дейін жеттім. Кеңес одағы дәуірінде 15 жыл бойы одақтас республикалардың ішінде бірінші орында болдық. Украина мен Сібірге біздің мамандар арнайы жіберіліп, өзгелерді үйреттік. Шетелдерге барып, тәжірибемізбен бөлістік. Өндіріс қуаттылығын арттыруды ол жақтағылар бізден үйренді”.

“Шымкентцемент» АҚ-ы бүгінде жылына 1 млн. тоннадан астам өнім шығаруға қауқарлы. Ондаған жылдар бойы ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан зауыт талай қиындықтарды еңсерді. 1998 жылдан бастап, 6 жыл көлемінде итальяндық “Іtalcementi Group” цемент компаниясының, ал 2016 жылдан немістің “HeidelbergCement” құрамында жұмыс істеп келеді. Соңғысы құрылыс материалдарын шығаруда әлемдік деңгейде көрінген цемент өндірісі бойынша екінші орында тұрған компания. Сондықтан, ел Үкіметі бүл инвестицияға үлкен сеніммен қарап отыр.

Виталий Кайзер, «Шымкентцемент» АҚ бас директоры: “Зауытты жаңғыртуда біз құрғақ цемент өндіру жүйесін іске қостық. Ең алдымен, мұнда отын шығыны үнемделеді. Екіншіден осы арқылы біз электр энергиясын да тиімді пайдаланып, жалпы өндіріс тиімділігін арттырамыз, нәтижесінде сулы цемент шығару барысындағы шығындар айтарлықтай қысқарады. Өндіріс аумағы да азаяды. Материалдарды пайдалану, жабдықтарды қолдану, қоршаған ортаны ластамау – бәріне мүмкіндік ашылады. Яғни, әлемдегі өзге зауыттардың жұмыс жүйесі деңгейіне көтерілдік».

“Шымкентцемент” зауытының “HeidelbergCement” компаниясының құрамында жұмыс істеуінің маңыздылығын, оның орнын өзінің құттықтау сөзінде “HeidelbergСement” компаниясының бас менеджері Роман Кемп те ерекше атап өтті. «Шымкентцемент» кәсіпорны дамып, жаңғырып келеді. Құрылысқа сапалы өнім дайындап, ұсынуда. Біздің компанияның құрамында осындай алып зауытттың жұмыс істеуі жаңа бастамалар мен шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді”,-деді ол.

Зауытта бүгінде 351 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшылығы осындағы әр қызметкердің, өз ісінің мамандарының кәсіби маман ретінде қалыптасып, әлеуметтік қорғалуына да көңіл бөледі. Мұны ашық есік күнінде бұрынғы жұмыс орнына келген зейнеткерлер де, қазіргі ұжым мүшелері де растады. Олардың ешбірі мерейтой сәтінен құр қол кеткен жоқ.

Марапатталғандар арасында зауыт зертханасының мамандары да болды. Мерекелік жиын кезінде де бұл бөлімнің мамандары жұмысын тоқтатқан жоқ. Оның барлығы Дәулет Торғауытовтың бақылауында. “Өнімге 11 түрлі сынама жасап, тексеріп отырамыз”, дейді маман.

Зауыт басшылығы ұжымды құттықтай келген ардагерлер мен өзге өңірлерден арнайы келген әріптес, тұтынушыларына, қонақтарға өндірістің барлық бөлімдерін көрсетіп, жаңалықтарымен бөлісті. Алдағы уақытқа жоспарлаған тірліктер барысы да сөз болды. Келесі кезекте сапалы өнім шығару қуаттылығын тағы да арттырып, оны тұтынушыға жеткізу жағын жүйелеу ісі тұр.

Зәуре Оралбаева