Бозарықтың тұрғындары мезі еткен жол мәселесін тағы да көтерді

425

«Бозарық шағынауданында жол да, жаяу жүргіншілер жолағы да жоқ. Сол себепті, көлік қозғалысы қиындап кеткен. Әсіресе, мектеп оқушыларына ауыр соғып тұр». Шағынаудан тұрғындарының осындай арыз-уәжіне біз де құлақ түрдік.

Қаратау ауданына қарасты, Бозарық шағынауданындағы жолдың жоқтығы – жылдар бойы айтылып та, жазылып та келеді. Мектеп оқушылары қозғалыстағы жеңіл және жүк көліктерімен жағаласып, білім ұясына қатынауға мәжбүр. Қазіргі маусымды ғана емес, алдағы қыстың қақаған аязын ойлап арызданған ағайын жазатайым жол апаты орын алса, мәселеге кімнің жауап беретінін білгісі келеді.

Мүсілім Қалдаров

Мүсілім Қалдаров, Бозарық шағынауданының тұрғыны: «Елдің игілігіне 900 орынды жаңа мектеп және емхана салып берді. Үлкен рахмет! Бірақ, сол ойластырған, жобаны құрастырған уақытта неге терең ойланбады екен?! Жол да, жаяу жүргіншілер жолы да жоқ. Батпақтатып, балалардың бәрі көшеде жүр. Ертең көлік қағып кетпесіне кім кепіл? Кім жауап береді? Күзде кешқұрым қас қарайып, қараңғы болады. Жаяу жүргіншілер жолын салып, көшеге жарық жағып қойса болады ғой».

Жаяу жүргіншілер жолағының жоқтығын жауаптылар да жақсы біледі. Осы орайда, қалаға қатынасты реттеуші Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандарының да айтары бар. Сөздеріне сенсек, бұл жол мәселесі – күні ертең шешілетін проблема емес.

Абай Түрханов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Иә, бізге шағым келіп түсті. Ол кісілермен бізде жеке қабылдау да болды. Біз мұны тіпті зерттедік. Сметалық есептер жасадық. Бұл құжатты негізге алып, бюджетке өтінім бердік. Енді ағымдағы жылы қаражат қарастырылмаған, бірақ ол шағынауданға жалпы 4,30 шақырымдай аяқжол керек. Біз биыл, 15-қарашаға дейін тек қажетті негізгі жерлерге 1 шақырымдай аяқжол төсейтін боламыз».

Жолдың жоқтығынан бөлек, алапта жағдайдың жасалмағаны да жергілікті жұртты мезі еткен. Бозарық – 1,2,3 тұрғын алабының аумағында жаңадан бой көтерген №57 мектеп 1200 балаға арналған. Бірақ, білім ұясында орыс тілді сыныптары жоқ екен. Елді мекен тұрғындары мұнда толыққанды жағдай қарастырылмағандықтан, перзенттерін қалалық мектептерге жіберетіндерін айтады.

Бозарықтағы ағайынның бұл шағымын білім басқармасындағылар да біледі. Қазір олқылықтық орнын толтыру жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

Айта өтейік, бүгінде Бозарық тұрғын алабында 10 мыңға жуық халық тұрады. Жыл сайын адам саны өскендіктен, аймақтағы бір мектеп пен емхана аздық етеді. Мұны Қаратау аудандық әкімдігі жақсы біледі. Тек, барлық проблеманың шешімі бірден емес, біртіндеп шешілетінін алға тартты. Ол үшін уақыт, уақытқа шыдайтын сабыр керек дейді.