Шымкентте егеуқұйрықтарға қарсы жаппай күрес жүргізілуде. Инфекциялық ауру тарататын кеміргіштердің көзін жою үшін арнайы дезинфекциялық топ құрылған. Сала мамандарының айтуынша, залалсыздандыру жұмыстары егеуқұйрықтар көп мекендейтін аймақтарда, дәлірегі қоқысты алаңдар мен сулы жерлерде жүргізілуде.
Шаһарымызда егеуқұйрықтарды жою жұмыстары басталды. Мамандар аталған зиянкестер көбейсе қауіпті аурулар тез таралады дейді. Сол себепті тиісті дәрілердің көмегімен кеміргіштерді жаппай улауда. Бұл жолы алдын алу шаралары Қошқар ата өзенінің бойында іске асты.
Сардар Қадырқұлов, «Дезинфекция Сардар» ЖШС-нің басшысы: “Шымкент қаласына қарасты каналдардың екі жағасына егеуқұйрықтардың ініне дәрі салып жатырмыз. Дәрінің аты “Апсалон”, тез әсер ететін күшке ие. Тапсырыс бергенде былтырғы дәріні қолданбаймыз. Өйткені, бір дәріні шашқан сайын егеуқұйрықтардың оған еті үйреніп кетеді. Ондай жағдайда көзін жою мүмкін болмай қалуы кәдік. Сол себептен де жаңа дәріні қолданамыз. Егеуқұйрықтарды зертханаға жібереміз. Аталған зертханалар инфекциялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді».
Егеуқұйырықтар көбіне сулы аймақта, күл-қоқысты алаңдар мен санитарлық талаптар қадағаланбаған жерлерде көп шоғырланады. Сондықтан мұндағы жұмысты жеделдету үшін қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мамандары дезинфекциялық міндеттерді 2 мердігер мекемеге жүктеген. Ол үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаржы да бөлініпті.
Бақытжан Бекманов, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ветеренария бөлімінің басшысы: «Жылына 20 млн. теңгеге келісімшарт жасалған. Қаламызда 12 өзен, каналдар бар. Мысалы, Қошқар ата, Қызыл су, Қарасу, Шынар каналдарының жағалауларына қармақ жемдер тастау арқылы жүргізіледі. Жалпы 5 млн. 700 мың шаршы метр аумаққа дератизациялық жұмыстар жүргізіп жатырмыз».
Зиянкестермен күрес бойынша жұмысты бағалап жатқан тұрғындар да бар. Десе де қаланың бұрыш-бұрышында егеуқұйрықтарды кездестіргендер де жоқ емес.
Сала мамандарының айтуынша, көпқабатты үйлерде қаптаған кеміргіштерге тұрғындардың өздері кінәлі. Тазалық шаралары сақталғанда мұндай жәйттер болмайтынын, бола қалған жағдайда өз қаржысына дезинфекциялық шаралар жүргізетінін айтады.
Айта өтейік, қаламызда кеміргіштерді химиялық әдіспен жою шаралары көктем және күз мезгілдерінде жүргізіледі. Бұл жолғы дезартизация жұмысы қазан айынының ортасында аяқталады.
Айя Мүтәлі