Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы республикалық маңызы бар тасжолындағы 6 көпір мен 3 жерүсті жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға беріледі. Көптің көңілінен шыққан күре жолмен біз де арнайы барып көрдік.
Келес өзеніндегі көпірді құрылысшылар небәрі бірнеше айда салып бітті. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында басталған. Ал дайындық кезеңі көктемге дейін ұласқан-ды. Құрылысшылардың айтуынша, ең қиынға соққаны — өзеннің арнасынан тасу кезімен арпалысу болыпты. Бұл жұмысшыларды әбігерге салғанымен, жергілікті жұрт бұл жағдайда үйреніп қалған. Себебі әр көктемде өзеннің деңгейі көтеріледі. Десе де 25-тамыз күні бұл көпірмен алғашқы көліктер жүре бастады. Жасыратыны жоқ, көпірдің негізгі құрылысына кірісер алды, алдымен уақытша көпір орнатылады. Бірақ, уақытша көпірдің әдетте тұрақтыға айналатын кездері көп.
Төрехан Дүйсенов, «ЖБИ» ЖШС-нің бас инженері: «Біз негізгі, тиісті көпірді салудан алдын уақытша көпірді жасадық. Себебі республикалық маңызы бар тасжолдағы бағыттар тоқтамауы керек. Ал үлкен көпірді салуда уақытша көпірді бұзбаймыз. Әзірге бұл да қажетімізге жарап тұр. Ал үлкен көпірдің ұзындығы — 57, ені — 10 метрге теңеседі. Екі жақтама 1,5 метрдей жаяу жүргіншілер жолы салынады».
Ал бұл (суретте) Абай ауылындағы жол. Мұндағы жол-көлік легінің қарқындылығы да сол — жолдың келесі жағына өту үшін өміріңді тәуекелге тігуге тура келеді. Себебі, қауіпсіздіктің жалғыз жолы — жаяу жүргіншілер емес, кәнігі жерүсті өткелімен жүру. Мұны да бір жеті бұрын пайдалануға берген. Қазір жергілікті жұрт пен мектеп оқушылары бұл көпірмен қуана өтеді.
Ені 17 метр болатын металл құрылымның төбесі, көпірдегі жолүсті баспалдақтары — барлығы — ыстыққа төзімді, балқуға жол бермейтін жасақтармен жабдықталыпты. Сондай-ақ, мүгедек жандар үшін де арнайы сырғыма-баспалдақтар жасалыпты. Жауаптылар жылдың соңына дейін дәл осындай 3 көпірдің қолданысқа берілетінін айтып отыр.
Дәл қазіргі уақытта «Шымкент-Ташкент» автомобиль жолдары бойында тағы осындай 3 көпірдің жобасы жасалып жатыр. Олар халық көп қоныстанған — Шарапхана, Жіңішке, Ащыбұлақ елдімекендерінің аумағында салынады.
Мөлдір Бекеева