Көшпенділер ойындары: Көкпардан Қазақстан командасы финалға неліктен шыға алмады

476
Фото inform.kz

Кеше Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан командасы жартылай финалда өзбекстандықтарға жол беріп, үшінші орынмен шектелген болатын. Қазақстан Көкпар федерациясының президенті Ерлен Оспанов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне турнир фавориті деп танылған команданың неліктен ұтылып қалғанын айтты.

«Біріншіден, біздің команда бір күнде екі ауыр ойын өткізді. Жартылай финалға шығу үшін АҚШ құрамасын 20:9 есебімен, Красноярск командасын 15:3 есебімен жеңді. Ал жартылай финалға жеткенше жігіттер шаршап қалды», — деді Е. Оспанов.

Екінші себеп ретінде, федерацияның турнирге негізгі емес, екінші құраммен келгені атап өтілді. «Бұл әлемде кең таралған тәжірибе. Көптеген халықаралық ірі турнирлерге командалар шамасын байқау үшін жастарды шығарады. Жігіттердің барлығы 93-98 жылы туғандар. Соған қарамастан, қазақстандықтар негізгі құраммен келген Өзбекстанға небәрі бір ұпаймен есе жіберді», — деді Е. Оспанов.

Айта кетейік, барлық командалар турнирге бірінші құраммен келген. Көшпенділер ойынының алтыншы күні қазақстандық спортшылар 20 медаль иеленді.