Елбасының басты тапсырмаларының бірі – латын әліпбиіне жүйелі түрде көшу. Бұл үрдіс ең алдымен мектепке дейінгі білім беру жүйесінен басталмақ. Осыған орай, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» Түркістан облысындағы және Шымкент, Тараз қаласындағы филиалдары бірігіп, «Латын әліпбиі – мектепалды даярлық үрдісінде» атты республикалық деңгейде дөңгелек үстел өткізді.
Жыл соңында латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының емле ережесі бекітіледі. Ал келесі жылдан бастап, мектепалды даярлық оқушыларына жаңа әліпби негізінде арнайы оқулықтар әзірленеді. Нәтижесінде, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап, мектепалды даярлық оқушылары жаңа оқулықпен қамтамасыз етіледі.
Айсәуле Аманбаева, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі: «Латын әліпбиі – өзекті тақырып. Қазіргі таңда емле ережесі жасалып жатыр. Осы орайда, Астанада «Тіл қазына» деген орталық ашылып, жұмысын бастап кетті. Онда арнайы «орфографиялық», «терминологиялық», «әдістеме» деп үш топ жасақталды. Бұл топтар латын әліпбиінің әрмен қарай өрлеуіне сеп болады».
Меруерт Медетбекова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша басқару және білім беру сапасы кафедрасының меңгерушісі:»Латын әліпбиімен жасақталған арнайы кітаптармен оқыту мәселесі қазір күн тәрбіне қойылған. Сондықтан осы тақырыпқа сәйкес, қандай да бір шешімін таппаған проблеманы талқылау үшін осы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ғалымдар жақсы пікірлерін білдірді. Біз арнайы тіл білімі академиясынан мамандар шақырттық. Қатысушылардың барлығының пікірі ескерілді».
Басқосуға қатысушылардың дені – мектеп оқытушылары. Олар латын әліпбиін мектепалды даярлық үрдісіне енгізудің тиімді жолдарын айқындау мақсатында пікір алмасты. Және латын әліпбиіне көшудің психологиялық-педагогикалық стратегиялары туралы идеяларымен де бөлісті.