Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласына ресми сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шаһардағы «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасының құрметті қонағы болды. Мемлекет басшысы алаңға жиналған көпшілікті Түркістан облысының құрылуымен құттықтады.
«Түркістан – біздің халқымыз үшін үлкен маңызға ие. Орта Азиядағы көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 2000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдығын атап өттік. Мұнда қазақ халқының ұлы тұлғалары мен қайраткерлері жерленген. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде бұл жерде ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Жалпы, Түркістанның тарихы – күллі қазақ халқының тарихы», — деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қабылданған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды ілгерілету ісінде барша тұрғындарға табыс тіледі.
Жиында Түркістан қалалық ардаргерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Елбасының бұл Түркістанға 15-сапары екендігін айтып, ел үшін атқарып жатқан ерен еңбектеріне алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Түркістан қаласының тұрғыны, білім саласының қызметкері Зияева Мөлдір облыс орталығы атанған Түркістан қаласына Мемлекет басшысының 29 қыркүйектегі сапарына орай қала күнін осы датаға белгілеуді ұсынды. Елбасы тосын ұсынысқа өз разылығын білдірді.
Алқалы жиында Түркістан жұрты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевты зор ықыласпен шығарып салды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі