Отырар ауданында «Денсаулық-2018» фестивалі өтті. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шараға 500–ге жуық қатысушылар салт атпен, жаяу және велосипедшілер қатысып, Жібек жолы даңғылы бойымен орталық алаңға келді. Орталық алаңда еліміздің әнұраны орындалып, аудан әкімі Ерлан Айтаханов құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясының ең маңызды басымдылықтарының бірі –денсаулық, ел халқының көпшілігінде салауатты өмір салты –ұлт денсаулығының кілтіне балаған болатын. Қазақстан әлемде өмір сүруге қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуға тиіс. Біздің болашақ «Мәңгілік Елге» барар нұрлы жолымызда қазақстандықтардың әлеуетін көтеретін жаңа мүмкіндіктер жасауда» деп, аудан басшысы Е.Айтаханов шараның маңыздылығына тоқталды.
Айтулы жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген «Заречное» мекемесі №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне автобус тарту етті. Автокөліктің кілтін аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы мен «Заречное» АҚ бірлескен кәсіпорын басқарма басшысы Омар Нұрәлиевтер спорт мектебінің директоры Мейрамбек Қашқыновқа табыстады.
Фестиваль барысында орталық аурухана қызметкерлері, аудандық жасөспірімдер орталығының өнерпаздары және балабақша бүлдіршіндері арнайы ұйымдастырған түрлі форматтағы флешмобтар ұйымдастырды. Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен колледж студенттері спорттың бірнеше түрінен өнер көрсетіп, мекеме қызметкерлері арасында арқан тарту бәсекесі өтті.
Сондай-ақ, халық денсаулығын нығайтуды мақсат тұтқан шара аясында «Денсаулық қалашығынан» білікті дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, арнайы концерттік бағдарламаға ұласты.