«Отырар» медиахолдингі заңсыз хабарландырулармен күресуге шақырады. Қала көркін қашырып тұрса да елеусіз қалған сыртқы жарнамаға билік назарын аудару үшін ұжым арнайы акцияны қолға алды. Ендеше, бұл шарадан сіз де қапы қалмаңыз.
Қаптаған хабарландырулардан көз сүрінеді. Мұндай парақшаларды ілетіндер қазір тіпті әккіленіп алған. Ұзақ уақыт ілулі тұру үшін хабарландыруларды екінің бірі қолы жетпейтін орындарға жапсырады. Алайда, мұндай жарнамаларға жаны қас «Отырар.кз» сайтының редакторы Ирина Козорина олармен күресуді жақсы біледі.
Ирина Козорина, сайт редакторы: «Мен жүрген жерімде рұқсат етілмеген орындарға ілінген хабарландыруларды жұлып, қоқысқа тастаймын. Іліп жатқандарды көрсем, мұның бассыздық екенін айтып, ол үшін әкімшілік шараға тартылуы мүмкін екенін ескертемін. Өкінішке орай, мұндай жағдайлармен күнде ұшырасамыз. Бұл мегаполис болып, алып шаһарға айналған қала тұрғындары үшін ұят нәрсе».
л
Біздің әріптестер белгіленбеген жерлерге ілінген хабарламалармен күресіп жүргенде әлдебіреулер жапсырмаларын жапсырып үлгеріп жатыр. Бұл азамат мұндай әрекеті үшін айыппұл арқалайтынын білмейді де екен.
Руслан Сүлейменов, қала тұрғыны: «Мен жерге тастап жатқаным жоқ, іліп жатырмын. Жұмысқа шақырамыз. Бос жүрген адамдар көп. Соларға бос жұмыс орындарын ұсынамыз».
Біздің мақсат — халыққа осыны ұғындыру, яғни белгіленбеген орындарға түрлі хабарландырулар мен жарнамаларды ілуге рұқсат жоқ екенін ескерту. Ең бастысы, қала тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақыру.
Ендеше, «Отырарлықтар» қолға алған ортақ шаруаға сіз де атсалысыңыз. Өз аулаңыздан бастап өзге де қоғамдық орындарды түрлі сипаттағы жарнамалардан тазартып, оны суретке немесе видеоға түсіріп, біздің мекенжайға жіберіңіз. Белсенді көрерменге тарту — таралғымыз бар.
Мақпал Рысбаева