Шымкентте жолаушылар пойызына тас атып, әйнек-терезесін сындырғандар жазаланатын болды. Бірақ бұзақылықты жасаған — мектеп оқушылары, ендеше жауапкершілікке балалардың тартылуы мүмкін бе? Әлде ата-аналары мен шәкірт оқитын білім ұясына шара көріледі ме? Тиісті заң талаптары қандай?
Сауалдардың жауабын анықтау үшін Шымкент станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің басшылығы мен ата-аналары, педагогтар қауымы қатысқан жиынға арнайы қатысып қайттық. Шымкент станциясындағы ішкі істер желілік бөлімі мамандарымен өткен кезекті жиын әдеттегідей тиісті талаптарды құнттап-қайталаумен емес, ата-аналар қауымының өз баласының қадамы үшін кешірім сұрауынан басталды. Олар перзенттерінің жолаушылар пойызына тас атып, әйнек-терезесін сындырғандарына сенер-сенбесін білмей, жыларман. Ал балалар білім алатын мектеп басшылығы мен сынып жетекшілерінің уәжі де жоқ емес.
Оруч Садыков, №14 М.Сапарбаев атындағы мектептің мұғалімі: «Балалар мектепке келуі үшін сол пойыздың жолынан өтеді. Себебі үйі мен мектептің арасында пойыз жолы бар! Бала болған соң, солай ойнаған да шығар. Бірақ, біздің мектептің оқушысы осыған қатысы бар болуы мүмкін емес. Сынып жетекшісі ретінде құқығын қорғаймын. Себебі бұл баланың денсаулығы нашар, дене шынықтыру сабағынан да босатылған. Қолына тас көтермек түгелі, мектепке үлкендердің көмегімен әрең келіп-кетеді. Қарап отырсам, мұндағы балалар — тек кіші сынып оқушылары екен. Менің ойымша, олардың еш қатысы жоқ, өзге де ересек адамдар болуы әбден мүмкін. Ал тәртіп сақшылары оқиға орнына келгенде жолай өтіп бара жатқан шәкірттерді ұстап, мойынан іле салған сияқты. Жеке пікірім осы!».
Анықталғанындай, құқықбұзушылық 31-тамыз күні, таңғы сағат 10-дар шамасында, қала аумағындағы «Манкент» стансасында орын алған. №41 «Алматы-Шымкент» және №173 «Шымкент-Алматы» бағытындағы жүрдек пойыздың бір емес, 4 бірдей вагонының терезесі сынған.
Және мұны көліктегі ішкі істер департаментіне қарасты Шымкент станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің басшылығы сол маңайдағы тұрғындардың балалары мектепке барар жолда жасағанын айтып, айыптап отыр. Ал бұған қатысы бар делінген мектеп оқушыларының ешқайысысы әлі 14 жасқа толмаған екен. Сондықтан, жауапкершілікке бұзақылық жасаған балалар емес, олардың ата-аналары тартылмақ.
Аида Махашева, Шымкент станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің инспекторы: «Ол жасөспірімдермен қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 94-бабы І бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазір қылмыстық іс тергеуде. Алдағы уақытта қылмыстық іс тергеуі аяқталғасын, ата-аналары жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік айыппұл салынады».
Құқықбұзушылықтың жай-жапсарын анықтап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағытталған бұл жиынға тәртіп бұзған оқушылар мен олардың ата-аналары, сынып жетекшілері, мектеп басшылығы қатысып, көңілдері түсті. Ал ішкі істер желілік бөлімінің мамандары оқиға орнында тергеп-тексеру шаралары әлі күнге жалғасып жатқандықтан, жазаның нақты үкімін сот шешетінін айтты. Айта өтейік, Шымкентте жыл басынан бері дәл осындай пойыз әйнегін сындыруға қатысты құқықбұзушылық 4-рет тіркеліп отыр.
Мөлдір Бекеева