Сарыағаш ауданында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

1570

Бүгін Сарыағаш ауданында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. 400-ден аса бос орындар»Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған азаматтарға ұсынылды.

Осыған дейін екі қолға бір күрек таппай келген бағдарлама қатысушылары бүгінде бірі тігінші, енді бірі кондитер, электрик сияқты мамандықтарға машықтанған.

Жансая Сапарханға 3 айлық курстың куәлігі тапсырылды. Ол осы уақыт аралығында контитер мамандығына машықтанып шықты. Екі қолға бір күрек таппай қиналған тұрғын қазір торт пен бәліштерді, түрлі күлшелерді тапсырыспен пісіреді. Бүгін ол өз қолынан шыққан тәттілерді жәрмеңкеге келген көпшілікке ұсынды.

Жансая Сапархан, кондитер: «Үш ай оқыдық, бізге шәкіртақы төленді. Тапсырыстар қабылдап жатырмын. Торт, кекс, пирогтар пісіре аламын. Осы бағдарламаның қолға алынғанына қуаныштымын».

Бүгін қысқа мерзімді кәсіби оқуды бітірген мыңға жуық маманға арнайы куәліктер берілді. Олар өңір басшысының «Әр ауылға өз шебері» жобасы аясында ауданға қажетті түрлі кәсіптерді меңгерген. Бірі бірі аспаз, шаштараз, тігінші сияқты ауданға ауадай қажет мамандықтардың қыр-сырына үйренсе, енді бірі гүл, көкөніс өсірушісі, құрылыс шебері, сантехник сияқты кәсіптерге машықтанған.

Динара Динашева, Сарыағаш ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры: «Әр ауылға өз шебері» жобасы бойынша 1600- ден аса адам оқыды, оның 1035-і жұмыспен қамтылған. 27 мамандық бойынша шаштараз, аспазшы, кондитер, аспаз, электрик, гүл өсіруші, көкөніс өсіруші, жиһаз жинақтаушы, құрылысшы мамандықтарына 1080 адам үш ай мерзімге оқуға жолданды. Жоспар бойынша 2018 жылы 1190 қатысушы болатын. Бүгін 119 жұмыс беруші 404 бос жұмыс орындарын ұсынды».

Сарыағаштықтар жұмыссыздықты жою мақсатында қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруда республика бойынша алдыңғы қатарда келеді.

Биыл «Әр ауылға өз шебері» жобасы бойынша 770 азамат, басымдық берілген 6 саланың бағыты бойынша тағам өнеркәсібі, фермер, ауыл шаруашылығы, қолөнер шебері бойынша 300- ден астам азамат аудандағы түрлі оқу орындарына жолданған.

Ораз Досмұхамбет, «Асу -кz» оқу орталығының директоры: «3 жыл ішінде біздің курстарда 700-ден аса оқушы бітіріп шықты. Қазір еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар болғандықтан олардың бизнеспен айналысуына, жұмыспен қамтылуына мүмкіндігі мол. Бүгіннің өзінде қатысуышылардың тең жартысынан астамы өз кәсіптерін ашса, қалғаны түрлі жұмыс орындарына жайғасты».

Бос жұмыс орындары ұсынылған жәрмеңкеде курс қатысушыларының қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары мен тәттілер қойылды. Айта кетейік, жалпы биыл бағдарлама аясында мыңға жуық азаматты жұмыспен қамту жоспарда тұр. Жыл бсанынан бері 7 мыңнан аса азамат бағдарламаға қатысып, барлығы да екі қолға бір күрек тапты дейді жауаптылар.

Мақпал Рысбаева