Шымкенттегі жеті шатқалға егілген ағаш көшеттерінің дені жерсінген. Дарақтарды аптап ыстықтан сақтап қалу үшін 17 жерден жер асты ұңғымалары қазылып, төрт трансфрматор орнатылыпты. 26 су сақтайтын резервуар орнатылып 16 шақырым алқап қоршалған. Атқарылған жұмыс ауқымды. Болашағы қандай болмақ?
Шымкенттегі сай-салаларға алғашқы көшет былтыр қаңтар айында отырғызылды. Бүгінде мұнда 12 мың түп тал дарақтар бар. Жауаптылардың айтуынша, ағаштардың 80 пайызы жерсінген. Қысы-жазы егілген сол ағаш түрлерін күтіп ұстау үшін тереңдігі 110 метрлік төрт ұңғыма қазылған еді. Бүгінде қараусыз қалған орындарды көріктендіру мақсатында қолға алынған шатқалдарға бөлінген 19 гектар жердегі көшеттер тамшылату әдісімен суғарылады.
Қоғамдық ұйымдар мен жастар, мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттарға дейін жұмыла күш салған шатқалдардың бірі — «Самал» шатқалы. Оның жалпы аумағы 38 гектарды құрайды. Жартысына жуығы, яғни 19 гектары күзде игерілмек. Қазір 2 гектар жерге көкмайса егу үшін су жүйелері жүргізіліп жатыр. «ЛТД тұрмыс» ЖШС — нің мамандары жаздың аптап ыстығынан көшеттерді аман сақтап қалыпты. 25 жұмысшы осы жұмысқа арнайы жұмылдырылған.
Естеріңізге салар болсақ, қала аумағындағы сай саланы тазартып, демалыс аймағына айналдыру жобасын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған болатын. Өткен жылы үздіксіз сенбіліктер өткізіліп, қаланың әр тұрғыны көшет егуге атсалысқан-ды.
Шымкент қалалық ЭТҮКШ басқармасы «бастаманы жалғастырып, тал-дарақтардың санын көбейтеміз», — деп отыр. «Бұл бағдарлама депутаттардың да қатаң бақылауында», деп сендірді шаруашылыққа жауаптылар. Қаржыны бөліп, оның жұмсалуын қадағалайтын да өздері. Тек биылдың өзінде шаһардағы жасыл желекті күтіп ұстауға, көлемін ұлғайтуға, бір ғана «ЛТД Тұрмыс» мекемесіне 420 млн. теңге бөлінген.
Нұрлан Күдерұлы