Шымкентте үй жануарларын ұстау ережесі ескерілмей келеді

598

Шымкент қаласында үй жануарларын күтіп ұстау ережесі – әлі күнге бекітілмепті. Салдарынан, мал ұстайтындар даңдайсып кеткен. Ол аздай, көпшілігі шыққан қиды көшеге тастай салуды әдетке айналдырған. Тазалыққа ден қоймайтындардың кесірінен, қолқаны қабатын иіс те көпшіліктің мазасын қашырған. Тұрғындардың жанайқайын біз де тыңдап қайттық.

Бұрынғы «Коммунизм» бүгінгі – Қызылжар. Елді мекен тұрғындарының басым бөлігі –  мал ұстауды кәсіп еткендер. Сол төрт түліктің еті мен сүтін азық етіп, артылғанын саудалап күнелтетіндері де жасырын емес. Бірақ, шаруа жерлестеріміз осы тазалыққа мән бермейтіні өкінішті. Тұрғындардың сөзіне сенсек, қорадан шыққан қи мен өзге де қоқысты көшеге шығарып тастай салатын көрінеді. Қызылжарлықтар күнгейдің аптап ыстығында құжынағын шыбын мен қолқаны қабатын иістен көшеде жүру мүмкін емес екенін айтып, шығамданды.

2017 жылы Шымкент қалалық әкімдігі шаһардағы үй жануарларын асырау қағидасын бекіткен-ді. Қаланы үш аумаққа бөліп, арнайы ережесін де белгілеген. Қағида облыстық Мәслихатында депутаттар тарапынан мақұлданған, тек әділет департаментінде бекітілмей қалыпты.

Ғани Құрманбай, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «27-маусымда облыстық Мәслихат хатшылығымен бұл мәселе қаралған еді. Құжат әділет департаментіне де жолданған.  Бірақ, қаламыз республикалық мәртебе алғасын, енді қалалық Мәслихатта тағы да қаралып, алдағы уақытта бір шешімі айтылады».

Бүгінде Шымкент қаласы – Республикалық мәртебе алды. Сол себепті, қалада тазалыққа үлкен мән беріледі, дейді аудан басшылығы. Ал жаңа құрылған ауыл шаруашылығы басқармасы Шымкент қаласында үй жануарларын асырау қағидасын қайта жасаймыз деп отыр. Тек тұрғындардың құқығы бұзылмайтындай етіп қабылдау – шенеуніктердің міндеті.