Шымкентте өрт сөндіруші екі адамды жанып жатқан пәтерден алып шықты

641
Фото inform.kz

Шымкентте өрт сөндіруші екі адамды құтқарып қалды. Қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Абзал Жақыбаев жанып жатқан пәтерден егде жастағы әйел мен тағы бір тұрғынды алып шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық қорғаныс сержанты 5-ші қыркүйек күні кешкісін достарымен бірге қонақтан қайтып келе жатқан. Сол кезде тұрғындардың бірі жүгіріп келіп, оларға көпқабатты үйлердің бірінде пәтер өртеніп жатқанын жеткізеді. Әрі онда адамдар қалып қою мүмкін екендігін хабарлаған.

Оқиға орнына жетіп барған Абзал Жақыбаев достарына өрт сөндірушілерді шақыртуды өтініп, өзі адамдарды құтқаруға кетеді. Төртінші қабатқа көтеріліп, жанып жатқан пәтердің есігін бұзып ашқан. Осы кезде жалын дәлізге барар жолдағы есікке өтіп, пәтер отқа оранған.

«Өрт сөндіруші өзінің киімін сулап, жамылып үйге кіреді. Көршілері тоқтауға тырысқанымен ол тәжірибесі бар екенін айтып, қоюы түтінге оранған пәтерден егде жастағы әйел адамды алып шығады. Іште тағы бір адамның қалғанын біліп, екінші адамды да сыртқа алып шыққан. Екі тұрғын да зардап шекпепті. Көп ұзамай оқиға орнына арнайы автокөлікпен өрт сөндірушілер келіп, жалынды ауыздықтай алған. Өрт 20 минуттың ішінде толық сөндірілген. Ал, араға бірнеше күн салып барып Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне құтқарылған адамдардың атынан алғыс хат түсті», делінген хабарламада