Шымкентте автобус мәселесі біржолата шешілмек

642

Шымкенттегі қоғамдық қатынас жақсарады. Қала шетіндегі шағынаудан тұрғындарын әлеуметтік автобус таситын күн жақын. Сондай-ақ, су жаңа 300 автобус әкелінеді. Көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары да жалғасын табатын болды. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс 37- сессиясында айтылды.

Қала бюджетіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Депутаттар Республикалық бюджеттен берілген 11 млрд. 650 млн. теңгені тиісті салаларға бөлді. Көлік саласына алғаш рет 120 млн. теңге субсидия қарастырды. Ол әлеуметтік 10 бағыт бойынша қызмет көрсететін көлік компанияларына беріледі. Бұдан бөлек, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһарға су жаңа 300 автобус әкелеміз деген жаңалығын жеткізді.

Ғабидолла Әбдірахымов

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Биыл 300 автобус әкелеміз, ал келесі жылы тағы 700 су жаңа автобустар аламыз деген жоспар бар. Сонда Шымқаладағы 1000 автобусқа және 1000 автобус қосылып, көлік мәселесі шешіледі».

Шаһардағы топырақ жолдар мәселесін біржолата шешу жобасы да жалғасатын болды. Сессияда жолды жөндеу мен шағал тас төсеудің екінші кезеңіне деп 183 млн. теңге қаражат қаралды. Сондай-ақ, мемлекеттік және жеке меншік серіктестік арқылы салынатын 10 әлеуметтік нысанның тізімі бекітілді.

Шымкент қаласының алғашқы 7 айлық бюджетінен 11 млрд. теңге қаражат алынып, республикалық мәртебе алғанда құралған бюджеті 83 млрд. теңгеге артты. Депутаттар оны бірауыздан қолдады.