Үшінші мегаполис – Шымкентте мектеп жетіспей жатыр. Дәлірегі, мектепке сыймаған оқушылар білімді жалға алынған орында алуға көшті. Яғни, бір сыныпқа орта есеппен 42 баладан тиген.
Білім басқармасының мәліметінше, биыл 7600 түлек мектеппен қоштасқан. Есесіне, 24 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттапты. Мәселен, №1 мектеп-гимназиямен көктемде 90 түлек қоштасса, күзде 591 бала бірінші сыныпқа келген.Салдарынан, Шымкенттің төріндегі А.С. Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназия жаңа оқу жылында екі бірдей ғимаратты жалға алып отыр. Соның бірі — жолдың қарсы бетіндегі колледждің сынып бөлмелері. Сондай-ақ, биыл бұл мектепте он алты 1-сынып ашылыпты. Соның тең жартысы осы ғимаратта оқиды.
Бұл гимназияның табалдырығын биыл 591 бала аттағанын ескерсек, көрсеткіш былтырғыдан 67 балаға артық. Әзірге сегіз сынып № 6 колледжге жайғасса, өзгесі осы маңдағы тағы бір орта оқу орнының ғимаратында студенттермен бір ғимаратта әріп тануға мәжбүр. 1-сыныптың 10-ы — орыс сыныбы, 6-ы — қазақ класы. Соның өзінде бір сыныпта орта есеппен 42 оқушыдан отырады. Кейбірінде тіпті бала саны елуге жетеді.
Гүлназ Әбілдаева, А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның директоры: «Бұл әрине, қиындық тудыратыны рас. Бірақ басқа мүмкіншілігіміз жоқ. Өйткені орыс сыныптардағы ұстаздар жетіспейді. Егер оны 24 немесе 25 баладан отырған күнде де біз мұғалімдерді ол класстарға таба алмаймыз. Сондықтан барлығы көбіне 70-80 пайыз мұғалімдер екі сыныпты оқытып жатыр».
Мектеп директорының мәліметінше, өткен оқу жылында 1-сыныптың саны 15 болған екен. «Ал алдыңғы жылы тіпті -18 еді», — дейді. 900 орындық мектепте оқушы саны — 4 мың 200. Ұстаздар бала саны артуының бір себебін бұл төңіректе орыс сыныптарының жоқтығымен байланыстырады. Оған қоса, мектеп таңдау еркіндігі әсер еткен сыңайлы. Бір қызығы балалардың бұл күйі ата-аналарды аса алаңдатпайтын секілді. Мұнда әр үйден кемінде 3 баладан келеді.
Райхан Бимұрзаева, ата-ана: «Өзімізге ұнайды осы мектеп. Өзім педагог болғаннан кейін білемін бұл мектептің жақсы екенін. Барлығы осы мектепте орыс сыныбында оқиды. Симағанына қарамастан, әкеліп жатырмыз. Өйткені үйрендік осы жерге. Жақсы оқытады, мұғалімдері бәрі қатал».
Шымкентте № 23 мектеп-лицейінде де осындай жағдай. Ондағылар өзге мектептің ғимаратына жайғасқан. Қаладағы рейтингі жоғары бірнеше мектепте оқушы тым көп. Былтыр 21 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, биыл 24 мың 14 бала келіпті. Білім басқармасындағылар мұны демографиялық өсіммен байланыстырып отыр.
Ақерке Абылайхан, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Маңайын қарасаңыздар ол жерден мектеп салуға жер учаскесі жоқ. Басқа мектептерде де мұндай мәселелер бар. Қазір бұл мәселені де біз көтеріп отырмыз. Себебі босаған ғимараттар болуы мүмкін, сосын жекеменшік мектептер салу арқылы қосымша құрылыс мектептердің қасынан салу арқылы, биыл 112 мектептің қасынан қосымша құрылыс салынып бітірілді, осылай шешеміз деп жоспарлап отырмыз».
Бұл — қала билігі халық санының өсуіне дайын емес екенін екшесе керек. Сондай-ақ, әкімдік шаһарда қанша адам барынан бейхабар немесе қарапайым математикаға шорқақ болуының дәлелі.
Мөлдір Бекеева