Шымкентте сүйегі сынғыш баланың ата-анасын алдап кеткен күдікті ұсталды. Сезікті Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әл-Фараби аудандық ІІБ қызметкерлері күдіктіні кеше түнде қолға түсірген. «Қазіргі таңда аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сезікті уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды», делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін бірқатар БАҚ-та Орал қаласында тұратын сүйегі сынғыш баланың отбасын Шымкентте алдап, ақшасыз қалдырып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Яғни, белгісіз біреулер сирек кездесетін ауруға шалдыққан баланың ата-анасын Шымкентке алдап шақырып, ақшаларын тартып алған. Қазір жеті баласы бар жанұя ақшадан қатты қысылып отырғанын жеткізген. Себебі, науқас перзенттеріне қымбат тұратын ота жасату керек екен.
Ләззат есімді науқас баланың анасы өзінің есепшотын да көпшілікке таратып, көмек сұраған еді. (Kaspi gold 5169 4931 9076 5696). Осы жағдайды естіген қала тұрғындары бұл жанұяға шамалары келгенше көмек қолын созды. Қайырымдылықтан қаладағы жекеменшік компания өкілдері де шет қалмады. Олар науқас баланың туыстарынан болған жағдай үшін кешірім сұрап, материалдық көмек көрсетті. Белгілісі, қазір науқас бала жергілікті клиникалардың бірінде тексеруден өтіп, Астанаға жол тартпақшы. Бала елордада емделетін болады.