Шымкенттегі мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлыққа жол бермеуі пысықталып жатыр. Дәлірегі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті шаһарымыздағы енді ғана тағайындалған басқарма басшылары – лауазымды тұлғаларды жинап, мемлекеттің қаржысына қол салу және пара алған жағдайдағы тиісті жазалармен таныстырды.
Сондай-ақ, заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіріп, мемлекеттік орган жұмысының барысында жиі кездесетін заң бұзушылықтарды атап көрсетті, кемшіліктерді қаузады. Және әдеп, тәртіптік кеңес пен құзырлы орган тарапынан жауапкершілікке тартылатын жағдайларды да жіліктеп, жіпке тізіп, жіті жеткізді.
Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Жыл басынан бері мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзғаны және негізсіз қызмет көрсетуден бас тарту деректері үшін «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің» 465-бабына сәйкес, 25 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, азаматтар қызмет алу барысында заң бұзушылық фактілері орын алған жағдайда, Департаменттің 51-51-51 сенім телефоны және 8 (702) 201-51-51 WatsApp нөмері, «memkyzmet.kz» сайты, «Facebook» парақшасына шағымдар мен ұсынымдар жолдай алады. Және сенім телефоны мен әлеуметтік желілер арқылы түскен кез -келген сұрақтарға Департаментпен өз құзыреті шегінде дереу тиісті шаралар қолданатын болады».
Ресми басқосу барысында, жыл басынан заңсыз қадамдарға барып, жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлердің «былығы» еске алынды. Олардың суреттері мен өмірдерегі де арнайы экран арқылы көрсетіліп, тағайындалған жаза көлемі қаузалды.
Айта өтейік, дәл қазіргі уақытта қала билігінде штат саны 721 лауазымды құрайтын 22 басқарма жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, орталық атқарушы мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттері де құрылған. Онда әзірге 1300-ге жуық лауазымды тұлғалар бар.
Мөлдір БЕКЕЕВА