«Шымкенттегі білім саласының «былығы» толастар емес. Керісінше, күн санап өршіп жатыр. Жемқорлықтың да «қанаты» кеңге жайылған». Қоғамдағы қордаланған осы және өзге де өзекті мәселелерді бүгін шұғыл жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен ҚР БҒМ Түркістан облысының білім саласын бақылау департаментінің басшылығы көтерді.

Басқосуға шаһарымыздағы білім басқармасының басшылығы да қатысты. Және қаламыздағы мектептердің директорлары да арнайы шақырылып, заңды белшесінен басқан тараптардың түйткілдері талқыланды.

Жанат Тәжиева, ҚР БҒМ Түркістан облысының білім саласын бақылау департаментінің басшысы: «Ең өкініштісі  — бірінші басшылардың әдеп нормаларын сақтамауы. Қалай болса, солай өзін ұстауы. Жұмысының тарапында балабақша меңгерушілерінің асты-үстіне түсуінде. Ал меңгерушілердің кереғар қадамдары да бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кешке таман балаларға деген тамақтарды пісіртіп, сол ас-ауқатты өз үйіне деп көлікке артып жатқаны немесе кір киімдерін әкеліп, балабақшада жуғызып жатқаны т.с.с сорақы фактілер де кездесті».

Бұл кәнігі балабақшаларда кездескен келелі жағдай. Ал білім ұялары — мектептердегі мәселе де бұдан алыс емес сияқты. Өрескел құқықбұзушылықтар бірінші басшыдан-ақ, басталған.» «Бармақ басты, көз қысты», таныс-тамырларының арқасында сағат саны көбейіп, табысқа кенелген педагогтар көп екен. Сондай-ақ, сабақ жоспары тұрмақ, журнал толтыруға ерінген сауатсыз, жалқау мұғалімдер де сыбайлас жемқорлықтың арқасында жалақыны уақытылы алып, жадырап жүрген-ді. Және үйірмелер-қосымша сабақтар өтілмесе де, бұл үшін теңгесін алып, жан бағуға көшкен мұғалімдер де аз емес. Сондықтан, Шымкенттегі білім ұялары — мектептегі мұғалімдер қауымын «тазартып», кадрларды қайта аттестаттау қажеттілігі туындап отыр. Осылай деп дабыл қаққан ҚР БҒМ-не қарасты Түркістан облыстық Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы жиі кездесетін өрескел заң бұзушылықтарды жіпке тізіп, жіліктеп жеткізді.

Жанат Тәжиева

«Біздің білім бақылау департаментінің негізгі міндеттері бар. Дегенмен, негізгі функциясы — аттестаттау болып табылады. Осы аттестаттау кезінде бұған дейін талай басшылар сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, ұсталып та кеткен болатын. Бұған, осы жиынға қатысып отырған құзырлы орган өкілдері де куәгер. Ал енді келесі жылдың қаңтар айынан бастап, Шымкент қаласындағы колледж, мектеп, балабақша секілді 124 мекеме басшылыққа алынып, аттестаттау басталады. Бірақ, Сіздерге осы орайда, әдеттегідей емтихан кезінде,  автоматты түрде ақша жинап беріп, құтылу керек деген ой келеді. Неге? Себебі, әрбір басшы өзінің жұмысқа деген жауапкершілігін сезініп, таза жұмыс істемесе, осындай әрекетке барады. Сондықтан, білім бақылау департаменті яғни біз қазір электронды түрде аттестаттау жұмысын бастап кеттік. Иә, білім саласында кемшіліктер өте көп. Өкінішке қарай, осы 6  айда, 88 білім мекемелері (ондағы 4-уі — біздің қалаға тиесілі) осылай тексерілді. Сонда барлығының да сыбайлас жемқорлыққа бір иықтары бұрылып тұрғаны анықталды. Нәтижесінде, 3020 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Осылайша сол мекемелердегі бірінші басшылар тарапынан 7,5 (жеті жарым) миллионнан астам қаржы өнідірілді. Үкіметке қаржы құйылды», — дейді Жанат Арысбекқызы.

Мектептердегі материалды қажеттіліктер, кеңсе тауарларының әлі күнге жоқтығы, тіпті бұл үшін мемлекеттік сатып алу конкурсының жүргізілмегені, салдарынан білім ұяларындағы толассыз ақша жинау науқандары немесе өзге өрескел олқылықтардың кездесіп, тіпті айғаққа толы арыздар ата-аналар мен мұғалімдерден де көптеп келіп түскен. «Мәселелер жіті назарға ілінді»,- деген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшылығы қазір бұл мақсатта жаңа жобаны қолға алғандарын алға тартты. Сөздеріне сенсек, білім саласындағы анықталған «былықтарды» тағы бір қарап, соңғы нүктесін қою үшін қазір арнайы комиссия жасақталыпты.

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Комиссия құрамында мен және ұлттық бюроның департамент өкілі, денсаулық, білім секілді бірқатар салалар басқармасының басшылары бар. «Нұр Отан» партиясының да өкілдері осы комиссиның қатарынан табылып отыр».

Жиында орта арнаулы оқу орындарындағы олқылықтар да айтылды. Құзырлылар ондағы жемқорлықты да жасырмай жайып салды. Сондай-ақ, Шымкент қалалық «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы мамандық алу үшін оқуға жолданған азаматтарды оқытпай, оларға мемлекеттен шәкіртақы ретінде қаралған 2,5 (екі жарым) миллион теңгеге жуық қаржының ысырап ету дерегі бойынша да қылмыстық іс тіркеліп отыр екен. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қаламыздағы департаменті осы жиында қаралған бар мәселені ай бойы арнайы комиссияның көмегімен қайта қарап, тиісті шешім қабылдайтынын және заңды белшесінен басқандар заң аясында жазаға тартылатынын да ескертті.

Мөлдір Бекеева