Шымкенттің «кілті» өзгереді

606

Шымкент қаласына Ташкент бағытынан кіретін қақпа жаңартылып жатыр. Естеріңізге салар болсақ, кеңестің көзі болған бұл кілт бейнесіндегі нысан ескіріп, темірлері әбден тозығы жетіпті. Тоғыз жолдың торабы Шымкент шаһарына оңтүстік бағытан кіретін жалғыз жол болғандықтан қала басшылығы оны жаңартуға шешім қабылдаған.

Бұл қақпаны жаңарту бастамасын Абай ауданы әкімдігінің мамандары көтеріп, шаһар басшысының қолдауына ие болған. Мамандардың айтуынша қақпаның сәулеттік кескіндемесі өзгертілмейді. Тек бұрынғы темір қаптама енді гранит тастарға алмастырылады және қақпа төріндегі облыс атауы қалаға ауыстырылады.

Бұдан бөлек, қақпаның айналасын абаттандыруға тапсырма берілген. Бүгінде “ЛТД Тұрмыс” ЖШС — і 1 гектар алқапқа көкмайса отырғызып, демалыс аймағына айналдыруға кірісіп кетіпті. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталатын болады.

Осылайша үшінші мегаполистің Ташкент бағытынан кіретін бөлігі абаттандырылады. Болашақта қақпа айналасы қалалықтардың демалатын орнына айналуы мүмкін деген жоспар да бар. Оның концепциясын түзіп, жүзеге асыратын Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов. Шенеуніктің шешімді ойы жүзеге асса, дауы көп аудан адам танымастай өзгермек.

Нұрлан Күдерұлы