Шымкенттіктер кәріс ұлтының тұрмыс-мәдениетімен танысты

489

Шымкенттіктер кәріс тілін меңгерумен қатар, ұлттың таным-тарихы, мәдениет-дәстүрімен етене танысып жатыр. Дәлірегі, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулдығы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің қабырғасында мәдени шаралар өткізіп, қос мемлекет арасындағы ауызбыршілікті арттыруға көшкен.

Осы мақсатта бүгін оқу орнына Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Чжон Сынг Миннің өзі келіп, игі жобалардың жөн-жосығын жариялады. Және бұл жиында Сынг мырза ОҚМУ-дің ректоры Дария Қожамжаровамен кездесті. Жүздесу барысында тараптар Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарымен білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы мәселелерді талқылады.

Чжон Сынг Мин

Чжон Сынг Мин, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы:»Шымкент — өте қонақжай қала. Тұрғындары да мейірбан. Ал жастары белсенді және көшбасшы дер едім. Ал осынау қабілет-қасиет біздің кәріс жұртының да бойынан табылады. Сондықтан, қайбір мәдени шараны немесе өзге де білім мен ғылым саласындағы айтулы жобаларды жұмыла жасасақ, жүзеге асырсақ, мұның нәтижесі жемісті болатыны анық. Ал әзірге бастамасы көңіл көншітерлік!»

Мәдени шаралар бағдарламасы оқу ордасының алаңында жалғасты. Мұнда студенттер кәріс ұлтының тағамдарын дайындап, асханасының кең талғам-мәзірімен танысты. Қала қонақтарын дәмнен ауыз тиюге шақырды. Сондай-ақ, ұлттық ойындарын ойнап, киім-үлгілерін киіп, естелік суреттерге түсті.

Мөлдір Бекеева