Соңымнан тіркел, тізбекті жалға

434

«Үйде отырып та қыруар ақша табуға болады», «Дастарханнан пәтерге дейін», «Қарапайым үйбикесінен директорға айналасыз», «Арманымызға бірге жетейік!». Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралатын осы тектес жарнамалардан көз сүрінеді. «Соңымнан тіркелші» деп қоңырау шалып, WhatsApp-қа жазатын ағайын-туыс, дос-жаран да көбейді. Бәрі де аз уақытта мол табысқа кенелуге болатынын айтады. Бірақ ол үшін сол адамның соңынан тіркеліп, кейін өз соңыңнан бірнеше адамды тіркетуің қажет. Олардың әрқайсысы өз командасын жинайды. Солай жалғаса береді. Алайда тек адам жинап қана қоймай, ай сайын қомақты сомаға сауда-саттық жасауы керек екенін де ұмытпаған жөн. Әңгіменің ұшы қайда тірелетінін өзіңіз-ақ пайым-дап отырған боларсыз. Бүгінгі тақырыбымыз жарнамасы келіскен, тіпті эстрада жұлдыздары айналысып жүрген желілік маркетинг жайында болмақ.

КӘСІП ПЕ, ӘЛДЕ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ МА?
Бүгінде нарықта көптеген компания бар. Халыққа ұсынатын тауарлары да саналуан. Бірі — косметика, екіншісі – шөпшай мен тамақ қоспаларын, үшіншілері — тұрмысқа қажетті тауарларын ұсынады. Бәсеке алқымнан алған заманда бұл компаниялар өнімін өткізіп, нарықта «жұтылып» кетпес үшін түрлі айла-амалға барып жатыр. Соның бірі – желілік маркетинг. Яғни, өндіруші компаниялар халықты түрлі ұсыныстарымен қызықтырып, өнімін жарнамалатып, сатуға тырысады.
Асығы алшысынан түсіп, үлкен олжаға кенелген тауар өндірушілер «байыған үстіне байи түссем» дейді. Мұндайда оларға «пирамидалық» әдіс көмекке келеді. Тауарды бір адамнан гөрі бірнеше адамның сатқаны әлдеқайда тиімді. Сондықтан да тауар өндіруші компанияның басшылығы «сатушыға» сыйлық беріп, соңынан тағы да бірнеше адамды ертіп, тауарды өткізсе, директорға айналып, бұдан да қомақты сыйақы алатынына сендіреді. Батпан құйрыққа мәз болып, бар ынта-шынтысымен команда жинап, саудаға білек сыбана кірісетіндер сыйақының сыйлық емес, өз маңдай терімен сатқан тауардан түскен пайданың бір бөлігі ғана екенін ескермейді. Сөйтіп, сатылымнан миллиондаған пайда тауып отырған кәсіпкердің беретін аз ғана ақшасына мәз болып жүре береді…
Кейбір пысықай кәсіпкерлер жұрт еңбегін пайдаланып қана қоймай, сол үшін олардан ақша да алады. Қалай дейсіз бе? Ол былай жүзеге асады. Сіз компанияның өкіліне айнау үшін бастапқы жарна төлейсіз (әр фирманың жарнасы да әртүрлі). «Әрмен қарай жалақы алып отырамын» десеңіз, ай сайын белгілі бір сомаға зат сатып алуыңыз шарт. Сонымен қатар бір сатыдан екінші сатыға өту үшін де ақша бересіз.
Байқағанымыз – желілік маркетинг жүйесінде жұмыс істейтін компаниялардың көбісіне тіркелу тегін. Әрқайсысының маркетинг жоспары да әртүрлі. Беретін сыйақысы да әрқалай.
Шымкент ҚІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 217-бабы (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) қылмыстық процестік кодекстің 187-бабы 3; 4-1 тармақтарына және 191-баптың 8-тармағына сәйкес ішкі істер органдарымен қатар мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметімен тергелуге жатады. Бұл елімізде қаржылық пирамиданы құруға және онымен айналысуға тыйым салынады дегенді білдіреді. Ал, желілік маркетингпен айналысуға заңда тыйым салынбаған. Осы ретте мамандар халықтың аса сақ әрі мұқият болуы керек екенін ескертеді. Қаржылық пирамида мен желілік маркетингтің айырмасын ажырата білуге, кейбіреулердің құрығына ілініп, бармақ тістеп қалмауға шақырады.
Желілік маркетинг – қаржы пирамидасы емес. Құрылымдары ұқсас болғанымен, екеуі екі бөлек нәрсе. Мәселен, қаржы пирамидасында сіз белгілі бір сомада салым салуыңыз керек (неғұрлым көп). Содан ізіңізден ерген адамдардың салымының есебінен пайыздық үлес беріледі. Салым көбейген сайын табыс та көбейеді-міс. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің айтуынша, мұндай компаниялар лицензиясыз жұмыс істейді. Тіпті, олар салық органдарына да тіркелмейді. Сондықтан да, оларға қаржы құю ақшаны ауаға шашумен пара-пар.


Ал желілік маркетинг (сетевой маркетинг) — компаниялардың өз тауарларын немесе қызметтерін басқа тұлғалар арқылы өткізуді жүзеге асыратын жүйе. Яғни сіз белгілі бір компанияға тіркеле отырып, сол кәсіпкердің тауарын жарнамалап өткізесіз. Құзырлы органдардың мәліметінше, ағымдағы жылдың 8 айында желілік маркетингпен айналысатын компаниялардың заңсыз әрекетіне қатысты ішкі істер департаментіне бірде бір арыз-шағым келіп түспеген. Ал егер қандайда бір шағым түсіп, немесе прокуратура органдарының тікелей нұсқау хаты болса, құзырлы орган қызметкерлерінің аталмыш мекеменің іс-әрекетін тексеруге құқы бар.
Белгілісікөп жағдайда желілік маркетингпен айналысатын мекемелер өз қызметкерлерімен еңбек келісімшартын жасаспайды. Бұл келісімшарт болмаса, жұмысшыдан зейнетақы аударымдары да, әлеуметтік аударымдар да ұсталмайды деген сөз. Бұл қызметкері көп, табысы мол компания басшылары үшін тиімді. Осылайша олар табысты көп тапса да салықты аз төлеп, салықтан жалтарады.
Айта кетейік, мекеме мен тұлға арасында ешқандай келісімшарт жасалмаса, жұмыс барысында қандайда бір қайғылы жағдай орын алса, сіз жұмыс берушіден ешнәрсе талап ете алмайсыз. Себебі, сіз заң жүзінде ол мекеменің жұмысшысы болып табылмайсыз.

АУЗЫ КҮЙГЕН ҮРЛЕП ІШЕДІ
Қомақты жалақы, шетелге саяхат, автокөлік пен үй. Мұның бәріне қол жеткізу үшін тынбай еңбектенесіз. Бұл кәсіпте де дәл солай. Пайда тапқыңыз келсе компанияның ережесіне сай жұмыс істеу керек. Алайда күнделікті байқағанымыз – желілік маркетингті серік еткендердің көбісі байымақ түгілі, бармақ тістеп, мойнына он мыңдаған теңге қарызын арқалай түседі.
Шымкент қаласының тұрғындары Ольга мен Вера апай да сондай жандардың бірі. Анасы мен қызы осыдан бірнеше ай бұрын отандық нарықта 18 жылдан бері шөптен жасалған шай мен косметика саудасымен айналысатын бір компанияға тіркеліпті. Айтуларынша, таныстары қолқалап қоймаған соң басында жай сабақтарына қатысып, тындап көргісі келген. Алайда екі күнге созылған үгіт-насихаттан кейін екеуі банктен 500 мың теңгені несиеге қалай алғандарын білмейді. Сөйтіп, бар қаржысына тауар сатып алған екеуі оны өткізе алмай қиналыпты. Соңынан тіркеген таныс-тары да мардымсыз сауда-саттық жасаған. Тіркелгенімен төбе көрсетпегендер де бар. Нәтижесінде айналдырған бірнеше айдың ішінде Ольга мен Вераның қарызы 1 миллион теңгеден асқан. Өкініштен өзегі өртенген анасы мен қызы өз-өзіне қол салмақ болады. Бірақ, мұның тығырықтан шығар жол емес екенін түсінеді. Сөйтіп, енді қолда бар тауарын қалай да өткізуді мақсат тұтыпты.
Ал өзін Гүлмира деп таныстырған орта жастағы келіншек тағы бір желілік маркетинг компаниясына тіркелгеніне екі-ақ ай болыпты. Айтуына қарасаң, айналысып жүрген кәсібіне көңілі толады.
— Үшінші маусымда тіркелдім. Сөйтіп, 25 мың теңгеге зат сатып алдым. Тауарды жарнамалап, басқаға ұсыну үшін оны бірінші кезекте өзің сынақтан өткізуің керек. Көңілімнен шықты. Нәтижесін телефоныма түсіріп өзгелерге жібердім. Таныстарыма қатты ұнады. «Қайдан алдың? Маған да керек» дейтіндер көбейді. «Соңымнан тіркелсең, өз бағасына алып рахатын көресің» дедім. Осылайша 2 аптаның ішінде 3 құрбым мен 2 туысымды соңымнан тіркедім. Олардың да жарнамасы жақсы болғанға ұқсайды, бір айда әрқайсысы 50 мың теңгеге тауар сатып алған. Ай соңында тауар алуға кеңсеге барсам «сізге айлық шықты» деп 150 мың теңгені санап берді». Қуанып қалдым. Мотивациялық қуат алдым. Соңымнан ергендердің әрқайсысы өз атына 10 адамнан тіркегенін қадағалап, хабарласып тұрамын. Тіркеп қана қоймай бір айда кемінде 500 баллға тауар (200000-240000 теңге) сатып алуға шақырамын. Қолынан келмей жатса, көмектесемін. Яғни кейде қаржыны өз қалтамнан шығарамын. Ал менің тобым сол затты бір айда қалай да өткізіп беруге тырысады. Бастысы мен құрған тізбек үзілмеуі керек. Өйткені бұл командалық жұмыс. Ұжым болып жасаған осындай еңбектің нәтижесінде шілде айында маған 400 мың теңге айлық шығыпты,-дейді Гүлмира.
Гүлмира сияқты осындай кәсіптен бағы жанғандардың қатарында эстрада жұлдыздары мен олардың туыстары да бар. Оларға сеніп, бұл кәсіппен айналысып жатқандары да бар, оны бос сөз дейтіндер де жетерлік.
Мақаланы дайындау барысында түйгеніміз, бұл кәсіппен екінің бірі айналыса алмайды. Ол үшін қаржыдан бөлек, тауарды өткізетін қалталы таныстарыңыз да көп болуы керек. Тауарын насихаттай білетін, адамды өз соңынан ерте білудің хас шебері болғаныңыз жөн. Ұяң мінезді, шешендік қабілеті мен уақыты жоқ адамдарға бұл кәсіпте нан жоққа ұқсайды.
Бірін мақтап, екіншісін даттайтын ниет жоқ, бізде. Қандай іспен не кәсіппен айналыссаңыз да таңдау әркімнің өз еркінде. Тек еңбегіңіздің еш кетпей, қаналмауын қадағаласаңыз болғаны. Іске сәт!

Сіз не дейсіз?

Бақдаулет Утембаев, Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ақпараттарды қабылдау және беру орталығының бөлім басшысы:
– ҚР «Кәсіпкерлік» кодексінің 23-бабына сәйкес, кез келген адам дара кәсіпкер ретінде тіркеле алады. Желілік маркетингпен айналысатын компаниялардың қожайындары да осы кодекс негізінде жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп, өз кәсіптерін дөңгелетеді. Олар тіркелген тәртібіне сай бізге кәсіптен түскен пайданың бір бөлігін төлеп отырады. Бізде тіркелген «Сетевой маркетингпен» айналысатын компаниялар «жалпыға бірдей тәртіп» бойынша салық төлейді. Тарқатып айтсақ, олардың жеке табыс салығынан 10% ұсталады. Әр жұмысшы үшін төленетін әлеуметтік салық 9,5%. Айналымы 30000 АЕК асатын компаниялар үшін қосымша құн салығы бар. Оның мөлшері жалпы табыстың 12%. Салық органдарындағы «камералдық бақылау» жүйесі арқылы жеке кәсіпкерлердің өткізген айлық, тоқсандық есептері жылдық «отчетпен» салыстырылып, дәйектігі тексерілді. Егер сәйкестік болмаса, компания басшылығына хабарлама жіберіледі. Біз бұл мекемелердің кәсіптерін осылай бақылап отырамыз.

Ләззат Тілендиева, психолог:
– Қазір халықтың қаржылық жағдайы тұрақсыз. Психологиялық жағынан да әбден күйзелген. Сондықтан болса керек, олар кез келген нәрседен жақсылық іздейді. Кез келген нәрседен пайда тапқысы келеді. Дәл осы сәтте желілік маркетингпен айналысатындардың асығы алшысынан түседі. Бұл салада адам санасының ой-шұңқырын әбден зерттеп, білікті психологқа айналған жандар істейді. Олар майда сөзбен-ақ алдына келіп отырған адамның басын шыр айналдырып жібереді. Бір-екі сағаттың ішінде сенің жан дүниеңе кіріп-шығып, әлсіз тұсыңды табады. Сенің жағдайыңды түсінетіндей кейіп танытып, материалдық және рухани жағынан болсын көмектесетініне сендіреді. Осылайша, күйбең тіршіліктен қажып жүрген жанның көңілі бір марқайып, көтеріліп қалады. Болашаққа деген сенімі артып, тау қопаратын күйді кешеді. Сөйтіп, әлгі «қол ұшын беретін» жанның сөзіне еріп, осы кәсіппен шұғылданады. Өз-өзіне деген сенімі артып, істі алып кететіндер де бар. Ал адам таппау, затты сата алмау сияқты кедергіге тап болып, ынтасы бәсеңдеп, құлшынысы су сепкендей басылатындар да бар. Бұл кәсіпті алып жүру әркімнің ынтасына, ықыласына байланысты.

Клара Серікбаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы:

– Палатаның басты мақсаты отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың бизнесін қорғау болып табылады. Желілік маркетинг бұл да кәсіп. Алайда онда тауарды өткізу тұтынушылардың тізбегі арқылы жүзеге асырылады. Көбіне, бұл жүйе арқылы шетелдік тауарлар сатылады. Бірақ, тауар-ды сатумен айналысатын бұл компаниялардың іс әрекеті заң шеңберінде болса, «Кәсіпкерлер палатасы» олардың кәсібін қолдауға әрқашан дайын.

 

Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары:
– Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы желілік маркетингті қолдамайды. Себебі, бұдан көрсеқызарлық пайда болады. Өнімді керек етпесе де оны сатып алу, қомақты табысты уәде ете отырып, өзгеге алғызу, «тізбекті жалға» деп өзінің соңынан еріту, алыпсатарлық мұның барлығы да исламға жат әрекеттер. Сондықтан да, басқарма осы кәсіпке қарсы пәтуа қабылдап, мәлімдеме таратқан болатын. Онда халықты бұл кәсіптен аулақ болуға, алаяқтардың құрығына ілініп, бармақ тістеп қалмауға шақырдық.

 

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

№33, 15 ТАМЫЗ 2018 ж