Жұмыс күші басым өңірлерден қоныс аударған күнгей тұрғындарының теріскейдегі тіршілігі қандай? Солтүстіктің төрт облысына көшіп кеткен 500 — ден астам отбасының жағдайы қалай? Арна тілшілерін толғандырған сауалдың жауабын Нұрлан Күдерұлы біліп қайтты. Мыңдаған шақырым жерді жүріп өтіп, жерлестерін тауып, етіп жатқан еңбектерімен танысып, Елбасының халықты жұмыспен қамту бағдарламасы қалай іске асып жатқанын көріп келді.
Солтүстіктің Ақжар ауданы Ақсары ауылына түркістандық алты отбасы қоныстанған. Олардың көшін Кеңесбек ақсақал бастап келген. Кейін ағайын туыстары мен көршілерін шақыртыпты. Келе сала баспаналы болған қарт, жұмыссыз жүргендерінің екі қолына бір күрек табылғанына дән риза.
Бұрыңғы ордабасылықтар бірден бос жатқан жерді игеруге кірісіпті. Кеңесбек Әбіш өзімен ала келген түстіктің дән тұқымдарын осында жерсіндіре бастапты. Айтуынша алғашқы әрекет оң нәтиже берген. Жерге себілген тұқым күзгі жемісін беріп үлгерген.
Кеңесбек Әбіш: «Шымкенттен 14 түрлі өнімнің тұқымын әкеліп ектім. Бәрі тез жерсеніп кетті. Әрі ірі, әрі мол өнім бергелі отыр. Бұл жақтың топырағы құнарлы. Не ексең де өнімді молынан салады. Тек тамшылатып тер төгіп, еңбек етсең болғаны. Асқабақтың тұқымын да Шымкенттен алып келгенмін, бұдан бөлек, қауын, жүгері, сәбіз жержаңғақ ектім. Еш суарусыз өсіп шықты».
Еңбекқор түркістандықтарды жергілікті ағайын жатырқамай қарсы алған. Күні бойы тынымсыз еткен еңбектерінің арқасында 8,5 гектар алқапқа картоп егіпті. Бүгінгі таңда 26 тонна картоп пісіп тұр, ендігі мақсат суыққа ұрындырмай жинап алу.
Кеңесбай Әбіш: Сатып алушылар өздері келіп, алқап басынан 80 теңгеден алып кетеміз деді. Мен бұл жақтың нарқын білмеймін».
Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданына жалпы 15 отбасын қоныстандыруға халық қалаулылары да атсалысқан. Аудан басшылығы тарапынан барлық жағдай жасалып, баспаналы болуын қадағалап отырған. Енді жаңа үймен қамтылуларын күтіп жүр.
Теріскейге көшкен түркістандық отбасылардың саны 500. Олардың осы аймаққа бейімделіп кетуі екі облыс басшылығының назарында. Бағдарлама қолға алынған алғашқы 2015 жылдары кері қайтқан отбасылар да болған. Қазіргі таңда қоныс аударуға ниеттілер алдын ала келіп, көріп танысуға мүкіндік алды. Көңілінен шығып жатса, тұрағын ауыстырады.