Созақта алғашқы ІТ сыныбы іске қосылды

561

Сәрсенбі күні Шолаққорған ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектеп базасында Созақ ауданындағы алғашқы IT-сыныптың ашылу рәсімі болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ашылу рәсімінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ролан Әлжанов «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы тарапынан балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашу және IT-мамандар даярлау ісі қолға алынғанын, бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында Еуропалық білім беру стандарты негізінде тереңдетілген білім алуы жоспарланғанын атап өтті.

Р.Әлжановтың сөзінше, 2018-2020 жылдарға, яғни үш жылға жоспарланған бұл жоба бойынша 450 мың баланы оқыту көзделіп отыр. Н.Айдаров, аудандық білім бөлімінің басшысы: “Бұл бастама келешекте мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс ретінде жүргізіледі. Партияның ықпалымен мұндай сыныптар қазіргі таңда үлкен қалалар мен облыс орталықтарында ашылған болса, бүгінгі күні Созақ ауданында да ашылып отыр».

Оның айтуынша, алдағы уақытта мұндай сыныптар тек аудан орталығында ғана емес, басқа да елді мекендерінде де ашу қолға алынады. Мұнан соң Созақ аудандық ата-аналар кеңесінің төрағасы М.Қарғабай ата-аналар мен оқушылар атынан осындай мүмкіндік жасап отырған аудандық партия филиалы мен білім бөлімі аппаратына алғыс білдірді.

Шара барысында мектеп басшысы Т.Бекқұлиев пен мектептің IT-сыныптарды жаңаша оқыту бойынша арнайы біліктілік арттыру курсын тәмамдаған мұғалімі сыныптағы құрылғылармен, балалардың олармен жұмыс істеу тәртібімен таныстырып өтті.