Түркістан облысында киелі жерлерді абаттандыруға 331 млн. теңге бөлінді

946
Фото 24.kz

Түркістан облысында Арыстанбаб кесенесі мен Отырар төбенің маңайы абаттандырылып жатыр, деп хабарлайды 24.kz. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл жобаларға 331 млн теңге бөлінген.

Облыс орталығына жақын болғандықтан болашақта мұнда келетін туристер қатары артады дегенге сенім мол. Арыстанбаб кесенесінің маңайын абаттандыру жұмыстары биыл басталды. Оған облыстық бюджеттен 331 млн теңге бөлінген. Қазір кесенеге кірер жолдар мен көгалдандыру, су тарту, ағаш отырғызу және зияратшылар демалатын орын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы өзгерістер келушілердің де көңілінен шығып отыр.

Жалғасбек Оразбек, Қызылорда қаласының тұрғыны: “Былтыр келгенмін, былтыр бұндай өзгерістер көрмеген едім. Биылдыққа Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жақсы өзгерістер болып жатыр. Жан-жақтың бәрінде жұмыс істеліп жатыр. Туристерге жақсы жағдай қарастырылған”.

Туристер демекші, біз барған күні кесенеге Лондон сәулет колледжінің бір топ студенті де келді. Олар болашақ археологтар екен. Әлемнің 15 елінен жиналған білімқұмар жастар Қазақстандағы тарихи-мәдени орындарды өз көздерімен көру үшін арнайы келіпті. Осыдан 7-8 ғасыр бұрын бұрын салынған көне ғимараттың сәулеттік ерекшелігі мен тарихи маңызы оларды да тәнті етті.

Мин Сё Джунг, Лондон сәулет колледжінің студенті: “Біз мұндағы тарихи-мәдени, археологиялық нысандарды тек кітаптан ғана оқып білмей, өз көзімізбен көріп, зерттеу үшін келдік. Осында болған тарихи оқиғаларды сезініп, дәлелдеріне көз жеткізгіміз келді. Қазақстанның туристерге көрсетер құнды мұралары өте көп, бірақ соны әлемде көп адамдар біле бермейді. Туризм саласын дамыту үшін алдымен инвестиция тарту керек. Сол кезде мынандай байлықты бүкіл әлем білетін болады”.

Арыстанбаб пен Отырар төбенің туристік әлеуеті зор. Мұнда туризм саласын дамтыу үшін көп жұмыстар атқарылып жатыр. «Алдағы жылдары Отырар қалашығы қайта қалпына келтіріліп, тарихи келбетіне ие болады», – дейді мамандар.

Асылхан Құдайбергенов, Отырар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: “Негізінен көгалдандыру жұмыстары, аяқ жолдар, содан кейін келген туристердің демалатын орындары бар, автотұрақтар салынып жатыр. Диодты шамдармен жарықтандырады. Бұл жерге жылдан-жылға туристердің көп келуіне байланысты келген адамдар дұрыс демалып, әрі ауданның тарихын біліп кетуі үшін істеліп жатқан жұмыстар бұл”.

Бұл жұмыстардың барлығы толық аяқталғанда көне кесене мен ежелгі қаланы көруге жылына 1 млн-нан аса турист келеді деп күтілуде. Оған облыс орталығының Шымкенттен Түркістан шаһарына көшіп келуін қосыңыз. Сонда Тұран даласы нағыз туризм орталығына айналмақ.