ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде мүлікті меншіктеушілер бірлестігінің жинақ есебіндегі қаражаттың қалай жұмсалатыны туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін Қазақстанда тұрғын- үй коммуналдық шаруашылығына қатысты заңға тиісті түзетулер енгізіліп, Мәжіліс қарауына жіберілетіні және жаңа заң жобасы мақұлданған жағдайда Қазақстанның әрбір тұрғын үй кешенінің өзіндік жинақ есебі бар мүлікті меншіктеушілер бірлестігі құрылатыны туралы айтылған болатын.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Құрылыс саласын және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту департаментінің директоры Марғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, екінші деңгейдегі банктерден ашылуы тиіс бірлестік есебіндегі қаражат тұрғын-үй меншік иелерінің ұзақмерзімді қажеттіліктері үшін пайдаланылуы мүмкін.
«Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу құны аймақтарға байланысты ерекшеленеді. Біреулер 20 млн теңге жұмсаса, біреулер жөндеу жұмыстарын 5 млн теңгеге жүргізеді. Егер бірлестік есебінде күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың 50%-ы жинақталса, онда қалған қаржыны банктен 3-4 пайызбен несие алуға болады. Несие мүлікті меншіктеушілер бірлестігіне беріледі», — деді Марғұлан Әбдікәрімов.
Сонымен қатар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту департаментінің басшысы, егер пәтерді иесі сатқан жағдайда жиналған қаражат пәтермен бірге қалатынын айтты. «Үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін жинақталған қаражат, тек қана сол үй үшін жұмсалатын болады. Және де осы жерде тұрғын-үй инспекциясы және үйдің тұрғындары қатыстырылып, қаражаттың жұмсалу барысын қадағалай алады», — деп түйіндеді ол.