Түркістан қаласындағы жаңа медициналық мекемелердің құрылысына әлемнің алпауыт елдері қатысады

1003

Бұл туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді, деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі. Келер жылдан бастап жаңа облыс орталығында бірнеше аурухана мен емханалар, перзентханалар мен заманауи талапқа сай емдеу орталықтары бой көтермек. Жобалау жұмыстарына шетелдік компаниялар да тартылады деп күтілуде.

«Бұл нысандар көрнекі үлгіде салынса деген ойымыз бар. Құрылысы да техникалық жабдықтау жағы да заманауи талаптарға сай болады. Жоспар бойынша, облыс орталығынан 610 орындық облыстық көпсалалы аурухана салынады. Екінші облыстық балалар ауруханасына қосымша 150 орындық ғимарат құрылысын бастау қолға алынып жатыр. Сондай-ақ, 500 келушіге арналған емхана мен облыстық қан және СПИД орталықтарының, туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансердің құрылысы басталады. Бұл мақсатта жобалау-сметалық құжаттарына қажетті қаржы бөлінді», деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Бұл мәселелерге қатысты облыстық құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, құжаттар жақын уақытта жасалып бітуі тиіс. Жобалау жұмыстарына шетелдік компаниялар да тартылады деп күтілуде. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, Түркістан облысына қарасты Шымкенттегі ауруханалар кезең-кезеңімен көшіріледі.

«Медициналық мекемелердің жетіспеуі мәселесін шешу үшін барлық жұмыстар жүріп жатыр. Шымкентте орналасқан клиникалар және балалар ауруханасы сол жақта қала береді. Облыстық туберкулезге қарсы және жүйке аурулары диспансері, екі бірдей перинаталдық орталық жұмысы жалғаса береді. Мұндай тәжірибе Алматы облысында да, Астанада да бар. Себебі, шалғай орналасқан Мақтаарал, Шардара сияқты аудан тұрғындарына Түркістанға қатынау қиынға соғады. Шымкенттегі бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы екі кабинетте арнайы мамандарды қалдырып отырмыз. Себебі, сол аудан тұрғындарының кейбір мәселелері бойынша арыз-шағымдар қабылданады. Ауруханаға жатқызу жайттары қаралады», деді Мұқан Егізбаев.

Сонымен қатар Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты бірнеше нысанды салу үшін республикадан қаражат бөлу сұралған. Мәселен, Түркістандағы перинаталдық орталықтың жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салу қажеттігі туындап отыр.

Кентау қаласы мен Сайрам, Жетісай аудандарына, Мырзакент пен Атакент кенттеріне 5 емхана салуға да республикадан қаржы бөлу жағы қарастырылуда. Сондай — ақ, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта мамандар Ресей еліне барып тәжірибе алмасып келеді.