Тамыз соңы. Баласын ерткен базар аралайды

575

Мектеп формасы, кітап, дәптер, қаламсап. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Мектепке баратын баласы бар ата-аналардың басы қосылса, айтары – мектепке дайындық. Оқу жылы жақындаған сайын мектепке қажет заттар да қымбаттап барады. Үйінде бір емес, төрт бірдей мектеп оқушысы бар ата-ананың бірі ретінде бұл мәселеге біз де бей-жай қарай алмадық. Балаларымызды киіндірмек болып, базар аралап қайттық

3 ТЕҢГЕДЕН ДӘПТЕР БАР…
Қаладағы базарлардың қай-қайсысына бас сұқсаңыз, «Дәптер — 3 теңгеден» деген жазуы бар бір жапырақ қағаз ұстап, әрі-бері жүгіріп жүрген балақайларды көресіз.
«Әпше, 3 теңгеден дәптер бар. Алыңызшы!» деп қиылған балақайлардың өтінішіне бей-жай қарау да мүмкін емес. Мұны сатушылар да жақсы біледі. Сондықтан да, балаларын жанына ертіп, базарға алып шыққан.
Осылайша, базарға келген ата-ананың көбісі етегіне жабысқан балақайларға еріп, дайындықты канцелярлық тауарлар сөресінен қалай бастап жібергенін байқамай да қалады.
Біз де сөйттік. Сөмкемізді сайламай тұрып, дәптер-қаламымызды сатып алдық. Жан-жағымызға қарасақ біз сияқтылар көп.


Балжан Жабыханова (суретте) – солардың бірі. Созақтан төрт баласын жетектеп келген ана сауда-саттықты дәптер-қаламнан бастапты.
– Биыл балаларым 5, 3, 2 сыныптарға және мектепалды даярлық тобына барады. Әлі ешқайсысына киім-кешек те сөмке де алған жоқпын. Кірсек, дәптер-қалам самсап тұр. Түсі де түрі де көп. Алыстан менмұндалап көздің жауын алады. Бала ғой, қызығып, «алайық» деп қоймады. Оның үстіне мына жүрген балақайлар да жарнамасын келістіреді. Сөйтіп, «майда-шүйде ғой, көп ақша болмас» деп сатып алсам, шамамен 14 000 теңге жұмсаппын. Былтыр 3 баламның қағаз-қаламына 8 мың теңге кеткен еді. Биыл дәптер-қалам да қымбат,- дейді Балжан Жабыханова.
Төрт баланың анасы перзенттерін бастан-аяқ киіндіруіне 120 мың теңге жұмсалады деп жоспарлапты. Базарды әлі араламаған. Бағасын да білмейді. Қолында бар ақшасын қалай да жеткізуі керек екенін айтады.


Ал өзін Алма деп таныстырған жетісайлық орта жастағы тұрғын биыл 9-сыныпқа баратын қызын жетектеп жүр. Айтуынша, қажетті қалам-қағазға 3 мың теңге жұмсаған.
Канцелярлық тауарларды сатып тұрған Аида есімді келіншектің айтуынша, биыл тауар бағасы былтырға қарағанда әлдеқайда қымбат. Әсіресе дәптердің бағасы шарықтаған. Мәселен, былтыр 6 теңгеден саудаланған дәптерлер биыл 12 теңгеден сатылып жатыр.
– Келушілер бірінші кезекте дәптер бағасын сұрайды. Содан кейін барып, басқа заттарын алады. Дәптерлердің екі түрі бар. Бірі — ақ, екіншісі — қоңыр парақты. Соған қарай бағасы да екі бөлек. Ақ парақты дәптер қарақоңыр түсті парақты дәптерден қымбаттау жүреді. Биыл оның бағасы – 12 теңге. Десек те, көбісі соны сұрайды. Ал ауылды жерден келгендер, балалары көп отбасылар, қалтасы жұқалары «қоңыр дәптерді» алады. Олар тіпті оның ақ не қоңыр екеніне де мән бермейді. Тек бағасына қызығады,-дейді Аида.

 

Шымкент қаласында 133 мектеп бар
2018-2019 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 22 000 оқушы 1 сыныпқа барады

Сатушыдан білгеніміз — жарнамасы келіскен 3 теңгелік дәптерлердің арғы жағында қулық жатыр екен. Яғни, дәптерін 3 теңгеден сататындар дәптерден шегерген ақшаны басқа заттардың үстіне қосып сатады. Яғни 12 теңгелік дәптерді 3 теңгеге алсаңыз, 200 теңгелік сурет салатын дәптерді — 210 теңгеге, 450 теңгелік түрлі-түсті қаламды 460 теңгеге сатып аласыз.

Бір балаға 30 мың теңге
Базарда бала жетектеген ата-ана көп. Әрқайсысының жанында кемінде 2-3 баладан жүр. Барлығы да мектепке дайындық қамында.


Өзін Гүлманат деп таныстырған келіншектің ұлы қала мектептерінің бірінде оқиды. Ол биыл 2-сыныпқа баратын баласына шамамен 30 мың теңге жұмсапты.
– Екі балам мектепте оқиды. Биыл үлкені 11-сыныпқа, кішісі 2-сыныпқа барады. Базардағы баға тым қымбат. Балаларды киіндіру жылдан жылға қиындап барады. Мәселен, ұлыма — 30 мыңға, қызыма — 40 мыңға мектеп формасын, сөмке, аяқ-киім, оқу құралын алдым. Ал спорттық киім мен аяқ-киімдеріне ақшам жетпей қалды. Бұл тек күздік киімдер ғана. Бұдан бөлек қыста тағы бір көйлек, жемпір, қалын шалбар, етік және т.б киімдерді алу керек,- дейді Гүлманат.


Келесі кейіпкеріміз Нұршан апа базарға немересін ерте келіпті. Айтуынша, немере қызы биыл А. Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының табалдырығын алғаш аттайды. Аталған мектеп бірыңғай киім үлгісі ретінде нақты бір киім фабрикасының формасын таңдаған. Сондықтан да әжей: «сапасына да, ақшасына да қарамастан немереме осы фабриканың киімін алып жатырмын» дейді.


Ал өзін Жанар деп таныстырған келіншек Сайрам ауданынан келіпті. Қызы 2-сыныпқа, ұлы 1-сыныпқа барады. Айтуынша, бала-шағасы оқитын мектепте биылғы мектеп формасының түсі көкшіл болады. Сондықтан да ол ұлы мен қызына ашық көк түсті жейде мен көйлек, тоқшыл көк шалбар мен сарафан іздеп жүр.
– Базардағы мектеп формасының көбісі ақ пен қара болғандықтан өзіме қажетті киімді іздеп, біраз жүрдім. Ұлыма таптым. Бірақ, қызыма көкшіл көйлек таба алмадым. Мұндағы сарафанның сапасы да көңілімнен шықпады. Сондықтан да, матасын алып, өз ойымдағы үлгіге сай етіп тіктіремін,- дейді Жанар.

Мектеп формасын тіктіртуге де болады
Мектеп формасын тіктіртетін ата-аналар да көп екен. Үш қызы мектепке баратын Сара есімді келіншек те солардың бірі. Ол қыздарына жыл сайын мектеп формасын тіктіртеді.
– Көйлектердің бағасы қымбат. 3500-5500 аралығында. Оның үстіне матасы синтетика. Терлетеді. Шыт мата алып тіктірткен әлдеқайда арзан түседі,- дейді ол.
Жиырма жылдан бері іс тігумен айналысатын Катя апайдың сөзінше, бастауыш сынып оқушысына жеңі қысқа ақ жейде тігу үшін: 0,8-1 метр (баланың бойына байланысты) мата кетеді. Оған 5 түйме, 1 дана жіп қажет. Тіктірту ақысы: 1500 теңге (Өзіңіз тіге алсаңыз немесе танысыңыз болса тіпті жақсы).
Ал етек немесе сарафан тіктіртемін десеңіз үлгісіне қарай оған 1 метрден (етегі орта) 3 метрге (етегі кең) дейін мата жұмсалады. 1 дана «замок», 1 дана түйме және астарына мата аласыз.
Сөйтіп, базардағы матаның жай-жапсарын көрдік. Ақ шыттың матасы әр түрлі. 800 теңгеден басталып 1500 теңгеге дейін саудалануда. Сарафан, етек, шалбардың қара, көк түсті матасы да қымбат емес екен. 500 теңгеден басталып, 800 теңге аралығында сатылып жатыр.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ
Шымкент қаласы білім басқармасының сенім
телефоны: 53-02-58

Яғни, 1 жеңі қысқа көйлекті тіктіртуге 2600-2700 теңге кетеді екен. Етек, сарафанға да дәл солай. Өзіңізге ұнайтын жақсы матаны таңдап тіктіртсеңіз әлде қайда тиімді. 1-2 мың теңге қалтаңызда қалады.
Сонымен

КІТАПТЫҢ МАУСЫМЫ ЕМЕС


Қазір кітап сатып алу маусымы басталмады. Он жылдан бері базарда кітап сатумен айналысатын Роза апай осылай айтады. Оның сөзінше, кітап саудасының қызатын кезі – қыркүйектің ортасы. Себебі, білім саласының жаңартылған мазмұнға көшуіне байланысты ата-аналар мектептің қай баспахананың оқулығымен оқытатынын, қандай кітап сатып алатынын білмейді. Сондықтан да әліптің артын бағуда.
Жасыратыны жоқ, көбісі жаңа мазмұнмен оқитын сыныптардың 100 пайыз кітаппен қамтамасыз етілетініне сенімді. Ал ертеңгі күні сенімі ақталмай кітап жетпей қалғандар, жоқ оқулықтарын түгендей бастайды. Біздің сауда сол кезде қызады. Бірақ, соңғы бір-екі жылда сауда баяғыдай емес. Бұрындары ата-аналар «анау баспа, мынау баспа» демей, «8-сыныптың физикасы, 9-сыныптың геометрия-сы, 1-сыныптың әліппесі» деп ала беретін. Бір ата-ана бірнеше кітап сатып алатын. Ал қазір ондай емес. Бір ата-ана 1-2 дана кітап қана алады. Қалғандарын мектеп береді екен. Алайда, сол кітаптарға арналған жұмыс дәптерлеріне сұраныс жақсы. Дәптерлер әр тоқсан сайын сатылуда,- дейді сатушы.
Айта кетейік, 2018-2019 оқу жылында жаңартылған мазмұндағы оқулықтармен 3, 6, 8 сыныптар оқиды. Бұған дейін, 2016–2017 оқу жылында жаңартылған мазмұнға 1 сыныптар, 2017–2018 оқу жылында — 2, 5, 7 сыныптар көшкен болатын.

Ақерке Абылайхан, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:
– Биыл 1,2,3,5,6,7,8 сыныптың оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етіледі. Оларды кітаппен қамтуға кітап қоры жеткілікті. Егер мектепте кітап жетіспеушілігіне қатысты қандай да бір шағым болса білім басқармасына хабарласуыңызға болады. Мектеп формасына келер болсақ, арнайы бекітілген үлгі жоқ. Ақ көйлек, қара шалбар, етек болса болды. Осыған орай, әр мектептің өзінің ішкі тәртібі бар. Олар соған сәйкес, киім үлгісін талап етеді.

Мұғалімдер қағаз толтырудан арылады

Биылдан бастап мектеп пен ата-ана арасында келісімшарт түзіледі. Бұл әр тараптың өз міндеттерін толыққанды орындауына мүмкіндік береді. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл ұстаздар қауымының жұмысын жеңілдетпек. Сондай-ақ, мұғалімдер мен мектеп администрациясының құқығын қорғап, міндеттерін реттеуге көмектеседі.
Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы мұғалімдердің жүктемесіне қатысты болып отыр. Соған сәйкес, мұғалімдер қағазбастылықтан арылады. Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығына сәйкес, мектеп мұғалімі тек 5 құжатты (журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар) толтыруға міндетті. Ал ондай болмаған жағдайда, мектеп басшылығының үстінен арыздана алады екен. Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетовтың айтуынша, мұғалімдердің жүктемесін одан артық көтеруге болмайды. Мектеп басшылығы артық жұмыс берсе, арыз түсіруге болады. «Білімді бақылау департаментіне xабарласуға болады. Ондай департаменттер барлық облыстарда бар. Арыз түссе, тиісті шаралар қолға алынад», — деп атап көрсетті.
Сондай-ақ, биылдан бастап мектеп мұғалімдері ҰБТ-дан босатылатын болады.
«Жаңа оқу жылынан бастап мектеп мұғалімдерін ҰБТ-ға қатысу міндетінен босату мәселесі көтерілді. Министрлік оны қолдайды. Мұғалім тек сапалы білім берумен айналысуы керек. Оған қоса, біз мектептердің ҰБТ бойынша рейтингін алып тастадық. Сондықтан мұғалім тек орта білімге қатысты жұмыспен ғана айналысады», — деп атап көрсетті Е.Сағадиев Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісінде.

 

 

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

№34, 22 тамыз 2018 ж