Шымкентте «Таза қала» акциясы жалғасуда. Бүгінде «Таза аула» және «Үздік көше» номинациялары бойынша көпқабатты үйлердің тұрғындары сынға түсетін байқауға іріктеу жүріп жатыр.
Ұйымдастырушылар бұл жолы Әл Фараби ауданынан жобаға қатысуға өтінім бергендердің көшелері мен аулаларын аралады. Олар сайыстың шарты бойынша 15 күн сайын тіркелген мекен-жайларға бақылау жүргізеді.
Айта кетейік, Қала әкімдігі мен «Азаматтық Альянс» қауымдастығы ұйытқы болған шараға белсенділік танытушылар саны жыл санап артып келеді. Мәселен, Әл Фараби ауданы бойынша 2016 жылы 87 өтініш түссе, 2017 жылы 94 тұрғын тіркелген. Ал биыл екі аталым бойынша жалпы есеппен 132 тұрғын үй қатысуда.
Қалалық байқауға «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, журналистер мен тазалық мамандары төрелік етеді. Сайыстың жалпы жүлде қоры 4 млн. теңгені құрайды. Жеңімпаздар қазан айының аяғында белгілі болады.
Айя Мүтәлі