Жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілетуге арналған аймақтық семинар-тренинг басталды

521
SONY DSC

Өңірлердегі қоғамдық келісім. Күн тәртібінен түспеген мәселе. Татулықты ту еткен еліміз ұлтаралық ынтымақты нығайтып келеді. Бұл жолы Қазақстан Халқы Ассамблеясының қолдаумен аймақтық семинар ұйымдастырылып, жоспарлар түзіліп жатыр. Әсіресе, еліміздің ұстанған бағытын бағамдап, саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік қызметкерлер оқытылып, түрлі тақырыптағы ойлары талқыланып жатыр.

Ұласбек Сәдібеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында мемлекетіміз талай биік белестерді бағындырды. Қазақстанның берекелі бірлікке негізделген бастамаларын дүниежүзілік қауымдастық жағымды бағалап келеді. Ассамблея маңайына топтасқан этностар елдігімізді танытар талай тірліктің басы-қасында жүріп, өз үлестерін қосуда. Астанадан арнайы келген практик ғалымдар мен кәсіби мамандардан тәжірибе алу, оны жұмысымызда өз деңгейінде ұқсата білудің біз үшін қашан да маңызды деп білемін».

Семинар «Қазақстан өңірлерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» деп аталады. Жиынға Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарымен қатар Шымкент қаласының мемлекеттік қызметкерлері қатысуда. Мұнда Астанадан арнайы шақыртылған ғалымдар тақырыпқа қатысты баяндама оқып, тәжірибесімен бөліседі. Барлығының көздегені – жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты қалыпты деңгейде ұстау.

Семинар барысында ұлтаралық татулықты сақтай білумен қатар «Қазақтану» ағартушылық жобасының негізгі ережелері таныстырылады. Сондай-ақ, қатысушылар бір-бірімен еркін пікір алмасып тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алып отыр.

Жиын барысында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын талқылау да назардан тыс қалмайды. Айта кетейік, семинарға 100-ден астам мемлекеттік қызметшілер қатысуда.

Жанерке Хумар