Жеке атқыштар батальонының құрылғанына 26 жыл толуына орай салтанатты шара өтті

429

Бүгін Шымкенттегі Абай саябағында Тәжік-Ауған шекарасына бірінші бітімгершілік батальонын енгізуге арналған, сондай-ақ, жеке атқыштар батальонының құрылғанына 26 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.

1995 жылдың 7- сәуірінде 5 сағаттық қаруланған заңсыз құрылымдық күресте 17 қазақстандық көз жұмған. Жыл сайын ішкі әскер ардагерлері қаза болған қаруластарын еске алады.

Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ардагерлер мен ішкі әскер сарбаздары келді. Сондай-ақ, осынау тарихи оқиғаға жақын ауған соғысының ардагерлері де ағылды. Дәл осы күні, 1995 жылы ел үшін кеудесін оққа керген қазақстандық ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын.

Мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, ондағаны жарақат алды. Қайткенмен, қайсар ұлдарымыз айқын басымдықпен тойтарыс танытқан жауға барынша төтеп беріп, жауынгерлік борыштарын өжеттікпен өткерді. Абыройды таптатпай, антқа деген адалдықтарын танытты.
Бейбітшілік жолында асқан ерлік таныта білген жауынгерлерге тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Осынау сындарлы кезеңде шекара шебінде ерлік көрсеткен жауынгерлер де марапатталды.

Мақпал Рысбаева