«Құда бола қалсаңыз…». Бүгін Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай атаумен шара өтті. Онда орталық қызметкерлері бүгінде ұмыт болып кеткен игі дәстүрлерді паш етті.

Құда тінту, табақты баланың бауырынан жүгірту сияқты көне ғұрыптардың мән-мағынасын түсіндіріп қана қоймай олардың қалай жасалатынын да көрсетті.

«Жаушы жіберу» ертеден келе жатқан дәстүр. Қыз айттыра келген өкілдерді шаңырақ иелері жылы қарсы алып, қонақжайлылық танытады. Қыз бен ата-анасы қарсы болмаса, жаушының өтінішін қабылдап, екі жақ құда болысады.

«Құданы Құдайыңдай күт» деген нақылға сай қыз ауылы ақ шанқан үйлер тігіп, оларды сән-салтанатпен қарсы алады. Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін мал шалынады. Құйрық-бауыр асату қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі.

Перизат Баймаханова, Ордабасы аудандық мәдениет үйінің халық театрының режиссері: «Қазіргі құдалықтардағыдай арақ-шарап көтеріп, би билей бермей, көнеріп кеткен салт-дәстүрлерді көрсету керек. Әр әдет-ғұрыптың өз мағынасы бар. Мәні бар. Өскелең ұрпаққа соны ұғындыру керек».
Қазақтың құда, құда болсаң шыда дейтіні осыны болса керек-ті. Ия Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындай айтылған қа­зақтың ұлттық коды деп ұлтымыздың жаратылысын, таби­ға­тын, рухани бітімін, өмір салтын ай­қындайтын белгілердің бірі – өнегелі салт-дәстүрлеріміз. Кірме салттарға жол бермей, жеті атадан келе жатқан өнегелі әдет-ғұрпымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа жеткізу басты парыз болуға тиісті» дейді ұйымдастырушылар.

Сәрсен Нәрікбай, режиссер: «Қазір торт кесіп, келіншектің енесі мен атасына жегізетін кірме дәстүр бар. Бұл не дәстүр? Қазақта торт деген болмаған. Оның орнына сәлем салса, басқа әңгіме. Көнерген дәстүрлерді құдалықта жаңартып отыру керек. Бізде салттар көп. Оның астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр».
Орталық қызметкерлерінің пайымдауынша бүгінде аста-төк той өткізіп, ысырапшылдыққа жол беріп жатқан ағайын осыны ескеруі тиіс. Қазақтың тойы құр табақ босату немесе атақ шығару мен мақтангершілік үшін емес, салт-дәстүр мен әдет ғұрып дәріптелетін игі шара ретінде ұйымдастырылатын уақыт жетті дейді орталық қызметкерлері.

Мақпал Рысбаева