Қыс маусымында Шымкенттің бас театры – Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көрермендері анағұрлым азайып кетеді. Себебі мәдениет ошағындағы негізгі залдарда жылу жүйесі әлі күнге дейін реттелмеген. Бұл мәселені өнер ұжымы үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы фракциясы өкілдерінің алдында көтерді. Сондай-ақ, олар жауыр еткен жалақы жәйін де сөз етті.

Ұжыммен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаттары өнер адамдарының жағдайымен жақынырақ танысты. 1934 жылы негізі қаланған «қара шаңырақ» жаңа ғимаратқа жайғасқанымен, әртістер төрт жылдан бері, әсем ғимаратта қыста жылусыз отыратынын жасырмады. Айтуларынша, құрылыс кезінде кемшіліктер кеткен көрінеді. Сол себепті ең қажетті, қойылым қойылатын сахна мен залда жылу жүйесі бұзылған. Жылу тек қалған бөлмелерде ғана бар. Өнер ұжымы бұл мәселені талай көтеріп, сан-саққа сабылғанымен, түйіннің әзірге тарқайтын түрі жоқ.

«Қыстың күні біз жаураймыз. Біз жаздың кезіндегі спектакльдерді ойнаған кезде, жазғы костюммен ойнап, жаурап, мазамыз қашады. Ал кішкентай ғана біздің жалақымыз емделуге де жетпей қалатын кездер болады. Қаншама көрермендеріміз келіп, жаурап, спектакльді соңына дейін тамашаламай, кетіп қалады. 1,5 сағаттық 2 сағаттық қойылымдарды қанша жерден көргісі келсе де, саулығын ойлаған жерлестеріміз үлеріне қайтып кетеді», – деді театр әртісі Бибігүл Мадалиева.

Өнер ошағының өкілдері жауыр еткен жалақы мәселесін де көтерді. Мәселен, 65 жасты алқымдаған өнер иесі бүгінде өзінің жарты ставкімен, небәрі – 33 мың теңге еңбекақы алатынын ашына айтты. Сөзіне сенсек, оны мұнда театрға деген риясыз сүйіспеншілігі ғана ұстап тұр. Мемлекет басшысының халыққа арнаған кезекті жолдауын насихаттап жүрген мәжілісмендер бұл мәселенің таяуда біржолата шешілетінін айтып жерлесімізді қуантып қойды.

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі: «Байқағанымыздай, Елбасының жолдауын театр толық қолдап отыр. Әсіресе, театрда 150 адам жұмыс істейтін болса, Елбасының 28 мың теңгеден 1,5 есе жалақы 42 500 теңгеге дейін көтерілетінін естіп, қуанып қалды».

Мәдениет саласын мезі еткен мәселелер алдағы күндері шешімін табады деген үміт бар. Ал «Нұр Отан» партиясының фракция мүшелері кезекті жұмыс-сапарында мәдени-өнер мекемелерімен қатар, білім ұяларын де аралады. Сонымен, үш ауысымды және ескі мектептерді де арнайы есепке алып, үшінші мегаполисте тағы 10 мектеп бой көтеруі қажеттігін құнттады.

Мөлдір Бекеева