Қарызды қалай қайтарып алуға болады?

1738
qazaquni.kz

Бүгінде қарызды өз қолымен беріп, қайтара алмай сансырап жүргендер аз емес. «Қарыз күліп барып, жылап қайтадының» кері… Жағдайын айтып, жыларман халде алған ақшасын қайтаруға асықпайтындарға не дерсіз? Көп жағдайда «туғаным ғой, бауырым ғой», деп сенім артып, қолхат алмай-ақ қомақты қаражатты беріп жіберіп, ақырында өз ақшасын ала алмай жүргендердің заңдық негізде қандай құқықтары бар?

Мұндай даулардың ақыры сотқа барып тірелетіні анық. Онда да өндіріп ала алса жақсы. Әрине, қолында қолхаты болса… Сот саласы мамандары бүгінде қарыз мәселесіне қатысты даулардың тым көбейіп кеткенін жасырмайды.

Нотариалды негізде куәландырып алғанның артықтығы жоқ. Қарыз алушы өз қолымен жазып берген қолхаттың да сотта заңдық күші бірдей. Тек ақшаны алғанын ғана жазып көрсетпей, нақты сомасын, алған уақытын, қайтару мерзімі де нақты көрсетілуі тиіс дейді мамандар.

Абай аудандық сотының судьясы Мейрамгүл Құдайбергенова: «Тәжірибемде мұндай азаматтық істер көптеп кездеседі. Қарыз бергенде мәмілені нотариалды түрде куәландыруға мүмкіндік болмаса қолхат арқылы берсе, дәлелдеме негізінде сот арқылы өндіріп алуға құқысы бар. Қарыз бергенде қанша туыс болса да ауызша мәміле жасасқан дұрыс емес. Егер нотариалды негізде куәландыратын мүмкіндік болмаса онда жазбаша түрде жаздырып алған дұрыс. Қайтару мерзімін, берген уақытын, екеуінің де аты — жөндерін толық көрсету керек. Ал сотқа барған кезде жай ғана жалаң сөзбен бергенін дәлелдей алмайтын болса онда сотта өндіріп алуы неғайбыл». Маман жауабы осындай.

Ағайын арасында алыс беріс болады ғой енді. Жақын адамы болған соң сенбестік танытпайын деп қолхат жаздырып алуды артық санайтындар да баршылық. Артынан ақшасын ала алмай сан соғып қалатындары да жоқ емес.

Мамандар туыс, туған, жақын бауыр болған күннің өзінде де қолхат жаздыртып алуға кеңес береді. Қарапайым қолхаттың да сотта нотариалдық негізде куәландырылған құжатпен бірдей заңдық күші бар.

Бұдан бөлек қарызды қайтарғанын дәлелдей алмай жататындар да болады. Жауапкер талапкерге «мен жартысынан көп бөлігін қайтарып қойғанмын. Үйіме сұрап келді, сол кезде беріп жібердім, куәлерім бар» деп жатады. Сондықтан да қарызды қайтарғаны жөнінде де қолхатты жазбаша түрде алуы керек. Міндетті түрде.

Нотариалды түрде куәландырылған, не болмаса жазбаша түрде жасалған қолхаттың ара жігі қандай болуы мүмкін? Бұл сауалға маман «Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес нотариалды түрде куәландырылған болса онда оңайлатылған тәртіпте жүргізіледі. Тараптарды сотқа шақырмай-ақ өздерінің пікірін беру жөнінде ғана хабарламалар жолдап, шешім қабылданады. Екеуінің ешқандай айырмашылығы жоқ. Екеуінің де заңдық күші бар» дейді.

Ал қолхатты нақты сол адамның жазғанын қалай дәлелдейді? Ол үшін сотқа талап тілектер түсіп жатса, онда қолтаңбасын анықтау жөнінде сот сараптамасы тағайындалады. Ол қолтаңба сараптамасы деп аталады. Соның қорытындысы негізінде бағасын береді.

Сотқа талап арыз түсіргенде мемлекеттік баж салығы төленеді. Сот шығындары тағы бар. Бүгінде сотқа талап қою, арыз беру жолдары жеңілдетілген. Яғни, азаматтар үйде отырып интернет арқылы жолдауына болады. Ол үшін сот кабинеті арқылы талап қою арыздарын бере алады. Бүгінде азаматтардың 60-70 пайызы ғаламтор арқылы жолдауда. Ал заңды тұлғалар 100 пайыз интернет арқылы береді. Бұл бір жағынан уақыт үнемдеуге де сеп. Мемлекеттік баж салығын да электронды түбіртегін тіркеп, жүгінуге болады. Мемлекеттік баж салығын төлеу қарыз сомасының 1 пайызын құрайды. Ал сот шығындары сот шешім шығарғаннан кейін жеңілген тараптан өндіріледі.

Бұдан бөлек бүгінде сотқа жүгінген екі тарапты татуластыру, бітімгерлікке шақыру жағы да қарастырылған. Ол үшін татуласу рәсімдері пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Қаратау аудандық сотында татуластыру орталығы мамыр айында жұмысын бастаған болатын. 9 айда 100 іс сотқа дейінгі татуласу жолымен шешімін тапқан.
Мамандар қандай жағдай болғанда да заңгерден кеңес алу қажеттігін айтады. Нотариусқа бармас бұрын да қандай шарт болсын заңгерден кеңес алу қажет деп есептейді.

Г.Жұмаш