Елімізде біртіндеп e-HR жүйесі енгізілгелі жатыр. Осылайша, 2019 жылдан бастап еңбек келісімшарты онлайн-режімде жүргізілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі kazpravda.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы іскерлік құжаттарды жүргізудің осындай амалы өте маңызды. Себебі, олардың біршама бөлігі қашықтықта жұмыс істейді. Жуық арада адамдарға жұмысқа тұру үшін тек жеке куәлік ғана қажет болады. Қалған құжаттар дерекқорда сақталады», — деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Белгілі болғандай, бүгінгі күні аталған қызмет жаңартылған enbek.kz сайтының ең көп кездесетін түріне айналған. Осылайша, еңбектің электронды биржа базасында цифрлы форматтағы жұмысшы профилін енгізу жүйесі мен еңбек келісімшартының есебі құрылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жұмыс берушілерге жеке электронды істерді құруды ұсынады.
Жұмысқа тұру кезінде адамдар құжаттар пакетін ұсынған кезде олардың ЖСН нөмірін бірден жеке мәліметтерді өңдеуге жіберу ұсынылады. Осының арқасында жұмыс беруші тексерілген электронды ақпаратты, яғни цифрлы жеке істі ала алады. Ары қарай онлайн режімде жұмысшының құзыретін растауға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев мұндай амал-әдіс қағаз жүзіндегі әурені жоюға, еңбек кітапшаларынан бас тартуға көмектесетінін айтады.
«Осы жүйе жүзеге асқан жағдайда қазақстандықтар жұмысқа тек жеке куәлікпен ғана кіре алатындай жағдай жасалады. Диплом және медициналық анықтама секілді басқа да құжаттар мәліметтер базасында сақталады. Біз құжаттарды ресімдеу жұмысын жеңілдетіп, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы өзара қарым-қатынасты электронды форматқа ауыстырғымыз келеді. Мәселен, егер адам жұмыстан шығып қалса, автоматты түрде оны еңбектің электронды биржасына шығара аламыз», — дейді Н.Мұқышев.
Іске асырылатын жүйенің тиімділігін тексеру үшін пилотты жоба биыл бүкіл Қазақстанда басталып кеткен. Электронды еңбек келісімшартын толығымен 2019 жылы өту көзделіп отыр. Сондай-ақ, enbek.kz сайтында өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар үшін электронды тіркеу жүйесін енгізу жоспарлануда.
Еске сала кетсек, былтыр еңбек келісімшарттарын тіркеудің бірыңғай жүйесін енгізу қолға алынды. Аталған жүйе азаматтың ресми жұмысы туралы ақпарат береді. Бұл жоба бастапқыда бір облыста ілкі жоба ретінде іске асырылып келді.