Жолдауда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көтеруді тапсырды. Енді, ең төменгі жалақы күнкөріс шегіне байланысты болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Экономист Сарабай Жұбаевтың айтуынша, бүгінде барлық көрсеткіштер ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты. Соның ішінде ең төменгі жалақы да бар.
«Күнкөріс шегіне қарай мұғалімдердің айлығы, дәрігерлердің жалақысы анықталады. Енді, Президент ең төменгі жалақы күнкөріс деңгейіне байланысты болмайды деді. Оған қоса, ең төменгі жалақының көлемі 1,5 есеге — 28 мыңнан 42 мыңға өсетін болды. Демек, барлық көрсеткіштер өзгереді. Мұғалімдердің айлығы да, дәрігерлер мен әкімдердің жалақысы да көтеріледі. Бұл бастаманың негізгі нәтижесі осы», — деді С.Жұбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Сарапшының сөзіне қарағанда, квазимемлекеттік сала қызметкерлерінің жалақысын да көтеруге тура келеді. Себебі олардың айлығы да ең төменгі жалақыға байланысты. «Коммерциялық кәсіпорындар ғана өздері шешеді. Себебі олар бюджетке қарап отырған жоқ және жалақыны өздері белгілейді. Ал мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығы ең төменгі жалақыға тікелей байланысты», — деп атап көрсетті С.Жұбаев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.
Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек. Президенттің айтуынша, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.
«Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар да қолдайды деп сенемін», — деді Н.Назарбаев.