Кәсіпкерлерді қорғаудың орнына қорлады. Жылдар бойы саудасын қыз-қыз қайнатып келіп, аяқ астынан сауда нүктелерінің «қызыл сызыққа» түсіп қалғанын білген сайрамдық бір топ кәсіпкер осылай дейді.

Күнделікті табыс көзінен айырылғалы отырған сатушылар «тым болмаса, бізге басқа аумақтан орындар берілсе еді» деп шырылдайды.Тұрғындардың бұл бұйымтайына жергілікті шенеуніктер не дейді?

Бұл кәсіпкерлердің осылай шырылдап жүргеніне жылдың жүзі болған. Ақсу елдімекенінің бас жоспарына сәйкес кеңейтілуі тиіс Абылай хан көшесінде орналасқан 11 сауда нүктесінің кей иелері меншік құқын уақытша алса, енді бірі 49 жылға жалға алыпты. Құжаттар негізінде. Соған қарамастан жергілікті билік бізді күнделікті нәпақамыздан айырғалы тұр деп налиды.

Мая Ілиясова, кәсіпкер: «Жер тұр, арық тұр, дүкен тұр. Қай әкелерінің ақысы бар жерімізді тартып алуға. Бізге не материалдық, не моральдық шығын өтелуі керек қой…».

Алайда сотта қаралып жатқан ұзақ мерзімге берілген сауда нүктелерінің құжаттарының қалай рәсімделіп кеткенін ауданның бас сәулетшісі де білмейтін болып шықты.

Бахром Момынжанов, Сайрам ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
«Ол құжаттардың қалай рәсімделгені маған белгісіз. Қазір сотта қаралып жатыр бұл мәселе. Сот шешімі шыққан соң, белгілі болады».

 

 

Зәкіржан Байқанов бар жоғы 12 шаршы метрді алып тұрған аядай ғана сауда нүктесінде 10 жылдан бері автобөлшектер сатады. Банктен несие алып, айналымға қажетті қаржысын қамдаған кәсіпкер бұл қарызынан әлі күнге толықтай құтылмағанын айтады. «Отбасының күнкөрісіне жарап тұрған жалғыз кіріс көзінен айырылсақ, қалай жан бағамыз» деп шырылдайды ол.

Зәкіржан Байқанов, кәсіпкер: «Бізге басқа жерден жер де берілмейді. Өтемақы да төленбейді. Жер берілсе де ол жерге клиент жинау оңай емес. Бәрінен айырыламыз. Несиеміз бар. Қалай күн көреміз?».

Бүған дейін кәсіпкерлер мәселесін айтып аудан әкімі Б.Мамаевтың алдына да барған. Аудан әкімі өзінің жылдық есебінде оларға арба да сынбайтын, өгіз де  өлмейтін шешім қабылданатынын жеткізген-ді. Ал қазір жағдай басқаша рең алып отыр. Жергілікті атқамінерлердің сөзіне қарағанда «қызыл сызыққа» түскен сауда нүктелері сүрілсе, басқа аумақтан жер беру мәселесінің де бүгін-ертең шешіле салатын түрі жоқ.

Бахром Момынжанов, Сайрам ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы: «Қазір орталықтан жер жоқ. Егжей-тегжейлі жоспар бекітілгеннен кейін кәсіпкерлерге тиесілі жерлер анықталса, қарастырылады».

«Бір емес бірнеше адамды жұмыспен қамтып, тиісті салығымызды төлеп отырсақ та шенді-шекпенділер қорғаудың орнына қорлап жатыр» деп шағынған кәсіпкерлер жоғары сотқа арыздануға бекініп отыр.

Мақпал Рысбаева