Фото inform.kz

Қызылорда облысы келер жылдан бастап пошта қызметіне дрондарды пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Қазпошта» АҚ Қызылорда филиалының директоры Аида Әбибуллаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қызылорда облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Аталған дронмен тез арада жетуі тиіс қажетті заттарды алыс-шалғай жерлерге жеткізу жоспарланып отыр.

«Бүгінде Қарағанды, Астана, Алматы облыстары бұл дрондар арқылы пошта сәлемдемелерін жеткізуде. Дрон 500 км қашықтыққа дейін ұшады. Ол тек газет-журналдар ғана емес сондай-ақ, салмағы 5 килограммға дейінгі шағын сәлемдемелерді де жеткізуге қабілетті. Хат-хабарды автокөлікпен тасымалдауға шамамен 4 сағат уақыт жұмсалса, бұл аралықты дрон бар-жоғы 40 минутта еркін еңсереді. Ең бастысы – үнемді әрі қолайлы. Мұндай дрондарға ұсыныс берілді, 2019 жылға іске қосу жоспарланып отыр», – деді А. Әбибуллаева.