Полицейлер патриоттық ән айтып бақ сынауда

407

Бүгін Шымкентте «Ел жүрегі — Астана» атты ішкі істер органдарының өңірлік көркемөнерпаздар байқауы басталды. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің шығармашылық деңгейі сынға түсетін байқау облыстық филармония залында өтіп жатыр.

Оған Шымкенттен бөлек, Алматы, Қызылорда, Тараз қалаларының ішкі істер саласының майталмандары қатысуда. Олар мұнда 3 аталым бойынша бақ сынайды. Айталық, вокалды-инструменталды ансамбль, ұлттық аспаптармен ән айту және сала қызметкерлерінің балаларына арналған вокалдық конкурстар бойынша үздіктер анықталады.

Байқау соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталмақ. Ұйымдастырушылар мұндай шығармашылық сайыс арқылы полиция қызметкерлерінің арасында мәдениет қалыптастырып, саланың имиджін нығайтуды көздейтіндіктерін айтады.
Айта өтейік, бұл республикалық байқау елімізде дәстүрлі түрде 3-рет өткізіліп жатыр.

Айя Мүтәлі