Қарақшылық шабуыл жасаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

263

Түркістан облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінің жедел іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің тұрғындары ұсталды. Жас азаматтардың ағымдағы жылдың шілде мен қазан айы аралығында облыс аумағында бірнеше қарақшылық шабуылдар жасағаны, сондай-ақ ұрлықпен айналысқаны анықталды.

Атап өтсек, ағымдағы жылдың шілде айында Қазығұрт АІІБ-нің кезекші бөліміне шетел азаматына қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Полицейлер беттеріне бетперде киген белгісіз азаматтардың жатақханаға кіріп, жәбірленушіні қарумен қорқытып, оның бағалы заттары мен 90 мың теңге көлемінде ақшасын алып кеткенін анықтаған. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің «қарақшылық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркелді.

Сондай-ақ, қыркүйек айында Қазығұрт ауданында қылмыстық топтың бір қатысушысы сыбайласымен түнгі уақытта ауыл тұрғынынан жарты миллион теңге тұратын жылқысын ұрлап кеткен. Қазан айының басында осы топ Сарыағаш ауданындағы жанар-жағар май бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған. Беттеріне бетперде киген белгісіз азаматтар ауаға оқ атып, кассадан 700 000 теңге көлемінде алып кеткен.

Түркістан облысы ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Құрманбек Сахов өз сөзінде: «Аталған ауыр қылмыстарды ашуға бағытталған тәжірибелі жедел ізкесушілерден құралған жедел-тергеу тобы құрылды. Бірнеше ай көлемінде жедел ізкесушілер күдіктілердің түр-тұлғасын анықтап, оларды ұстау іс-шараларын атқарды. Бұл қылмысты ашудың бір қиындығы олар көпшілігінде қылмысын беттеріне бетперде киіп жасаған, сондықтан да жәбірленушілер олардың түр-тұлғасын анық бейнелеп бере алмаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлерден қылмыстық топтың 6 мүшесін анықтап, ұстады.

Күдіктілер облыстың жас азаматтары болып шықты. Олардан шолақ мылтық, пневматикалық тапанша және басқа да айғақты заттар тәркіленіп алынды. Сондай-ақ, Облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкент қаласының тұрғындарынан құралған тағы бір қылмыстық топты ұстады. 8 қазан күні түнде Түлкібас ауданындағы тұрғынның бірінің үйіне беттеріне бетперде киген 6 адам кіріп, қарумен қорқытып, ақшасын алып кетпек болған. Үй иесі қарсылық көрсеткен. Нәтижесінде шудан қорыққан олар ешнарсе ала алмай қашып кеткен. Оқиға орнында шолақ мылтық қалдырған. Ұсталғандардың екеуі бұрын соңды сотты болғандар», деп атап кетті полиция подполковнигі.

Аталған жайттар бойынша Түркістан облысы ІІД тергеушілерімен сотқа дейінгі терегу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау абақтысында. Полицейлер ұсталғандардың басқа да ауыр қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Түркістан облыстық ІІД Баспасөз қызметі