Қазығұрт ауданының халқы 90 жылдық мерейтойды толағай жетістіктермен қарсы алды. Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі биыл 22 млрд. — қа жетті. Соңғы бес жылда көрсеткіш 75 пайызға өскен. Кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Табысқа кенелген ауылдағы ағайын бұл бағытта жооспарланған межені жүзеге асыруда тынбай еңбек етуде.
Марат Жолдасов, Қазығұрт ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Биыл 42 мың гектардан 103 мың тонна астық жиналды. Орташа есеппен, әрбір гектарынан 24,5 центнерден өнім алынды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан Түркістан облысында бірінші орында. Дәнді дақылдардың 38 мың гектар. бидай, қалғаны 4 жарым мың гектар арпа. Қарқынды бау егуден де меже жылдың соңына дейін орындалмақ. Жоспар 29 гектар болса, бүгінде 24 жарым гектарда жеміс ағаштары жайқалып тұр. Жүзім 50 гектарға егілген. Жиын терім аяқталуға жақын. Өнім биыл бітік. Тамшылатын суғару әдісін кеңінен пайдалану бағытында да шаруалар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде».
Ауданда бүгінде 20-дан астам кооператив жұмыс жасауда. Шағын шаруашылықтар бірігіп, бір кооператив құрып, нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы несие алып, кәсіптерін дөңгелетуде. Малды асылдандыру бағытында да жоспар кезеңімен орындалуда.
Нұржігіт Орынбаев, Қазығұрт ауданындағы «Шарбұлақ» ӨК мүшесі: «Ғалымдармен тығыз қарым — қатынаста жұмыс жасаудамыз. Нәтижесінде қазақы меринос қойын селекциялау арқылы «Қазығұрттық зауыттық типті» тұқымын шығардық. Болашақта зауыт ашу көзделуде».
Мал өнімін экспортқа шығаруда қазығұрттық фермерлер өзгелерге үлгі өнеге. Биылдың өзінде көрші Өзбекстанға «Қайып ата» серіктестігі 1000 мың тоннадан астам ірі қара малдың еті , «Сапа» шаруашылығы 800 тонна қой етін жөнелтті. Бұл үкімет тарапынан қаржылай қолдауды тиімді пайдаланған шаруалардың жетістігі.
Марат Жолдасов, Қазығұрт ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін ақтарушы: «Мал шаруашылығын дамытуға 256 млн. теңге субсидия берілді. Қаржы 66 гектар жылыжайға да бөлінді. Көкөніс өнімдері бүгінде Солтүстік Қазақстан, Алматы, Астана, Ресей мен Белорусияға жөнелтілуде. Биыл қауынды шаруа қожалықтары Польшаға да жіберді».
Шынар Оразова